Аударыспақ халықаралық деңгейге көтерілді

6 Шілде 2023, 16:02 1253

Алматыда 5-6 шілде күні аралығында аударыспақ, ат үстіндегі күрес федерациясының Бірінші Дүниежүзілік съезі өтті. Енді Ұлттық спорт түрі халықаралық деңгейге шықты. Бұған ұқсас спорт түрлері түркі халықтарында бар.  Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай және Венгрия мемлекеттерінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін ат үстіндегі күрестен ресми түрде Дүниежүзілік Федерация құрылды. Штаб-пәтері Алматы қаласында орналасады. Сонымен қатар, мемлекет өкілдері Федерация президентін тағайындады. Ол — Қазақстан Аударыспақ Федерациясының президенті, Atasu Group компаниясының басшысы Марат Жұманов.

Бүгін бәріміз Алматының төрінде ұлттық ат спорты үшін аса маңызды шараға жиналдық. Осы маңызды бас қосуға дәстүрлі ат спортын дәріптейтін, әлемнің түкпір-түкпірінен келген елдердің өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі жиынның тарихи маңызы зор. Бәріміз бірігіп, ат үстіндегі күрестен әлемдік федерация құрдық. Ұлттық ат спортын дамыту үшін алда атқарылатын жұмыс өте көп. Осы жолда бәрімізге үлкен табыс тілеймін", —деді Мұрат Жұманов.

Жиын барысында осы спорт түрінің ортақ ережелері бекітілді. Бұған Қазақстан Аударыспақ ойыны негіз болды. Спортшылардың салмақ дәрежесі қабылданып, күнтізбесі  бекітілді. Халықаралық ойындарды әділ өткізу мақсатында міндетті түрде VAR бейнебақылау жүйесіне  жүгінілмек. Жаңа Федерацияның жұмыс құрылымы да айқындалды.

Аударыспақ спортымен елімізде 6 мыңға жуық спортшы айналысады. Үш жас ерекшеліктеріне қарай жасөспірімдер мен ересектер арасында тұрақты түрде чемпионат өтіп тұрады.  Он үш ұлттық спорт мектебі мен сегіз спорт клубы бар.

Ересектер арасында өткен чемпионатқа екі жүз спортшы қатысты. Тоғыз салмақ дәрежесінде. Алғашқы съезде ұлттық федерация құрылып, оның міндеттері мен жоспары айқындалды. Екінші қадам— халықаралық федерация құру", —дейді Ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев.

Бұл спортты халықаралық деңгейге шығаруға Қазақстан бастама көтеріп отыр. Өзге елдерге қарағанда Қазақстандың әлеуеті жеткілікті. Сондықтан олар бізде өткенін қалайды. Түркістандық спортшы Сырым Ізбасаров көкпар спортынан аударыспаққа өткен.

Бұл спорт өзіме қатты ұнайды. Көкпар командалық ойын болса, аударыспаққа жеке өнер көрсетесің. Көкпардан қиын. Шыдамдылық керек. Күш пен айланы қатар алып жүруің керек. Қазақстанды он екі рет ұттым. Азияның үш дүркін чемпионымын, - дейді Сырым Ізбасаров.

Аударыспақтан елімізде осы уақытқа дейін 22 чемпионат өткен.

Ережелерге өзгерістер мен толықтыруларға байланысты, салмақтарымызды өсірдік. Тоғыз салмақта да өңірлерден спортшыларымыз бар. Татарстанда біздің құрама алты алтынның төртеуін, бір күміс және бір қола алды. Құрама деңгейі өте жоғары", —дейді Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Жанбатыр Бекмұсаев.

Сәкен Арыс
Бөлісу: