Еліміздегі баспа саласы соңғы жылдары жаңа серпінмен дамып, мазмұны мен сапасы жағынан жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқандай. Оқырманды кітап оқуға баулу, әсіресе балаларға арналған сапалы әдеби шығармалар ұсыну – басты назарда. Осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – «Фолиант» баспасының Балалар әдебиеті бөлімінің аға редакторы Нұрсұлу Байболатова. Өз ісіне адал, кәсіби деңгейі жоғары маман «El.kz» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында балалар әдебиетінің бүгінгі беталысы, аударма жұмысы мен кітап шығарудың ерекшеліктері жайында ой бөлісті.
El.kz: Қазіргі таңда қазақ тіліндегі кітаптарға деген сұраныс пен оқырман қызығушылығы қандай деңгейде және бұл бағытта қандай өзгерістер байқалады?
Нұрсұлу Байболатова: Қазіргі таңда қазақ тілінде кітап оқуға деген қызығушылық артып келеді. Кітап – елдің өткені, бүгіні және болашағы. Сондықтан болашақ ұрпақтың кітап оқуы, сауатты, көзі ашық болуы өте маңызды. Сауатты ұрпақ – елдің болашағы. Сондықтан білім алу әрқашанда басты орында болмақ.
Бұрындары қазақ тіліндегі кітаптар енді шыға бастаған кезде, «қазақ тілінде кітап жоқ» деген стереотип қалыптасқан еді. Бұл көзқарас әлі де кейбір адамдардың санасында сақталып қалған. Алайда бүгінде қазақша кітаптар сөрелерде қатарымен жайылып тұр, тек оны кейбір оқырмандар байқамай жатады.
Егер кітапқа сұраныс аз болса, жаңа баспалар ашылып, бәсекелестік те болмас еді. Демек, қазіргі таңда кітапқа әжептәуір сұраныс бар деген сөз. Бұл – қазақ тілінде кітап оқитын оқырмандар санының артқанын көрсетеді.
El.kz: Қазақстандық авторлар арасынан оқырманның ерекше ықыласына ие болған қаламгерлер кімдер?
Нұрсұлу Байболатова: Бүгінде қазақстандық авторлардың шығармаларына деген сұраныс артып келеді. Оқырманның ықыласына бөленген жазушылардың қатарында Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» романы ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл – Жошы хан туралы жазылған тұңғыш роман болғандықтан, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Сондай-ақ драматург, жазушы Баянғали Әлімжановтың «Өлең-әліппе», «400 тәтті тақпақ», «Мейірімді асқар» сияқты туындылары да кеңінен сұранысқа ие. Жазушы Әмір Шыңғысханның «Заман. Кентаврдың басынан кешкендері» оқырмандардың таңғалып, сүйсініп оқитын ерекше кітаптарының бірі.
Біздің баспада жас ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау мақсатында «Бүгінгі проза» атты арнайы серия бар. Бұл жоба аясында жарық көрген кітаптар да оқырман тарапынан жақсы қабылданып жүр. Қазіргі әдебиетте өзіндік қолтаңбасымен танылып келе жатқан Жадыра Шамұратова, Әлішер Рахат, Есбол Нұрахмет, Қанағат Әбілқайыр сынды жас қаламгерлердің шығармалары ерекше бағаланады.
Суреттер: Ажар Лаубаева
El.kz: Баланың кітап оқуға деген қызығушылығын қалай қалыптастыруға болады?
Нұрсұлу Байболатова: Баланың кітап оқуға деген қызығушылығы ерте жастан басталуы керек. Ол үшін ең алдымен ата-ананың рөлі өте маңызды. Кішкентайынан қолына кітап ұстатып, білім алуға баулып өсірсе, бала өскенде де оқуға бейім болып қалыптасады.
Одан кейін баланың білімге құштар болуына ықпал ететін – мектеп. Мектеп пен мұғалім бала үшін екінші орта. Сондықтан балаға оқу мен ізденуге жағдай жасалуы керек.
Қазіргі таңда кез келген ата-ана баласын белгілі бір үйірмеге беріп жатады. Сол сияқты кітап оқуды да баланың күнделікті әдетіне айналдыру – ата-ананың міндеті болуы тиіс. Бұл – баланың болашағына жасалған ең үлкен инвестиция.
Баспа тарапынан да қолдау бар. Бүгінде баспалар оқырмандарға арнап түрлі жанрда, түрлі бағытта кітаптар ұсынып отыр. Ең бастысы – қолжетімді бағада, тек оқысыншы деген ниетпен шығарылады. Яғни, кітап бар, сұраныс пен қолдау да бар, енді тек соны тиімді пайдалану керек.
El.kz: Соңғы жылдары қазақ тіліне аударылған әлемдік бестселлерлердің қатары артып келеді. Бұл бестселлерлерді таңдауда оқырман сұранысы қалай ескеріледі және аударылатын кітаптарды іріктеу үдерісі қалай жүреді?
Нұрсұлу Байболатова: Біз кітап таңдауда ең алдымен оқырман сұранысына назар аударамыз. Әлеуметтік желілерде тұрақты түрде «қай кітаптың қазақша аудармасын оқығыңыз келеді?» деген сауалдар жүргізіп тұрамыз. Сонымен қатар, кітап жәрмеңкелерінде, дүкендерде оқырмандар тарапынан жиі қойылатын сұрақтарды да ескереміз. Осындай кері байланыс арқылы сұранысқа ие кітаптарды таңдап, аударуға кірісеміз.
Таңдау барысында кітаптың әлемге танымал болуы, оның авторының аты мен беделі, сатылым көрсеткіштері маңызды рөл атқарады. Әсіресе киноға айналған бестселлерлерге ерекше мән береміз.
Тарихи романдар, балалар әдебиеті мен нон-фикшн жанрындағы кітаптар әрдайым жоғары сұранысқа ие. Мәселен, балалар әдебиеті – барлық баспа үшін аса маңызды сала. Ата-аналар өздерінен аянса да, балаларының білім мен тәрбиесіне келгенде ештеңеден аянбайды. Бұл жанрдағы кітаптар әрқашан жақсы өтеді.
Әлемдік классиканың ішінде Эрих Мария Ремарктың шығармалары, әсіресе «Үш жолдас» романы жоғары сұраныста. Агата Кристидің детективтері де көп оқылады. Ал әйел оқырмандар арасында америкалық психолог-жазушы Луиза Хейдің еңбектері ерекше танымал. Түрік авторы Хатидже Кюбра Тонгардың «Айғайламайтын аналар» атты кітабы небәрі үш айдың ішінде 5000 дана болып сатылып, біз үшін рекордтық көрсеткішке жетті. Алғашқы 2000 данасы тез өтіп кеткен соң, қосымша 3000 тиражбен қайта шығардық. Одан кейін тағы да басылымға жібердік.
El.kz: Аудармашылармен және жаңа қызметкерлермен жұмыс істеу барысында қандай қағидаларды ұстанасыздар?
Нұрсұлу Байболатова: Біздің баспа ашылғалы бері өз аудармашылар мектебін қалыптастырды. Біз тек осы баспада жұмыс істейтін, аударманың қыр-сырын меңгерген, кәсіби деңгейі жоғары, сенімді аудармашылармен ғана жұмыс жасаймыз. Жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе мен талаптың нәтижесінде сапалы аудармалар оқырманға жол тартып келеді.
Жалпы, кез келген маман жұмысқа келген бетте бірден мықты болып кетпейді. Бұл – табиғи процесс. Шеберлік уақытпен, үздіксіз еңбекпен келеді. Сондықтан, бізге жаңадан келген қызметкер – мейлі ол редактор, корректор болсын міндетті түрде үйренуге мүмкіндік алады. Бастысы – жоғары білімі, сынақ кезеңінен өтуі және өз ісіне деген ынтасы болуы. Үйренуге құлшынысы бар, көзінің оты жанып тұрған адамға әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз.
El.kz: Өзге тілдегі шығарманы қазақ тіліне аудару кезінде түпнұсқағы мағына қаншалықты деңгейде сақталады?
Нұрсұлу Байболатова: Шығарма аударылған кезде ең алдымен түпнұсқадағы негізгі ой, автордың оқырманға жеткізгісі келген идеясы сақталуы керек деген ұстанымдамыз. Дегенмен кейде белгілі бір нюанстар туындайды. Біз көбінесе қазақ менталитетіне сай келмейтін немесе түсініксіз болуы мүмкін тұстарды қазақ оқырманына бейімдеуге тырысамыз. Бұл – еркін аударманың бір бөлігі, әрі онда тұрған ешқандай оғаштық жоқ деп есептейміз.
Көркем әдебиет көбінесе еркін түрде аударылады. Бірақ бұл түпнұсқа толық өзгеріске ұшырайды деген сөз емес. Керісінше, түпкі мағына сақталып, оқырманға түсінікті болу үшін бейімделеді. Бұл тәсілді әсіресе балалар әдебиетінде жиі қолданамыз. Себебі балалар үшін түсінікті, жеңіл әрі мәдени тұрғыда жақын болу өте маңызды.
Ал ересектерге арналған әлемдік классикаларды аударғанда, біз мәтінді түпнұсқаға барынша жақын ұстауға тырысамыз. Ондай шығармаларда автор стилін, ой тереңдігін дәл беру керек.
El.kz: Қазақстанда баспа ісін дамыту үшін не жетіспейді?
Нұрсұлу Байболатова: Шетелде баспа саласына Үкімет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Мысалы, көптеген елдерде шетелдік әдебиетті өзге мемлекеттерге таныстыру үшін арнайы грант бөлетін әдеби агенттіктер жұмыс істейді. Егер бізге қандай да бір шетелдік кітап ұнап, оны аударғымыз келсе, сол елдің өзі аудармашының қаламақысын төлеуге дайын болады. Бұл – өте тиімді тәжірибе.
Өкінішке қарай, бізде мұндай қолдаулар жетіспейді. Егер қазақ тілін әлемдік деңгейге шығарғымыз келсе, ең алдымен әдебиет пен мәдениетті ілгерілетуіміз қажет. Сондықтан қазақстандық баспаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі тиіс деп есептеймін.
Сондай-ақ елімізде ауқымды кітап көрмелері мен жәрмеңкелердің саны аз. Қазірдің өзінде сегізінші жыл қатарынан «Фолиант» баспасы ірі жәрмеңкені өз күшімен ұйымдастырып келеді. Мұндай шараларды мемлекеттік деңгейде өткізу – баспа саласына, жалпы кітап индустриясына тың серпін берер еді.
El.kz: Редактор ретінде сын-пікірлерге қалай қарайсыз? Оқырман пікірі сіздің жұмысыңызға қалай әсер етеді?
Нұрсұлу Байболатова: Кейде оқырмандар 500 беттік кітаптың ішінен бір-екі қате тауып алып, соны қатты сынға алады. Мұндай кезде олар адами факторды ескермейді, барынша мін іздеуге тырысатындар да кездеседі. Біз болсақ, шынымен де бар күшімізді салып, қолдан келгенше сапалы дүние ұсынуға тырысамыз. Бірақ кейде осы еңбектің бағаланбай қалатыны қынжылтады.
Соған қарамастан, біз оқырмандардан негізінен жағымды пікір аламыз. Бұл біз үшін үлкен мотивация. Ал сынға келсек – ол әрқашан болуы керек. Ең бастысы – сынды дұрыс қабылдап, одан нәтиже шығара білу. Біз әрбір ескертуге, пікірге мұқият қарап, оны жұмысымызды жақсарту үшін пайдалануға тырысамыз.
El.kz: Автор ретінде жеке кітап шығарғыңыз келе ме?
Нұрсұлу Байболатова: Шынымды айтсам, маған жеке кітап жазуға әзірге ертерек сияқты. Бірақ балаларға арналған 0+ санатындағы «Менің үйім», «Ерке төлдер», «Қандай киім киемін?», «Кім боламын?» деген жапсырмалары бар кішкентай кітапшаларым жарық көрді. Осы кітапшалардағы жұмбақтар мен тапсырмалардың бәрінің авторы өзіммін.
Талай ақын-жазушылармен жұмыс істеп жүріп, шығармашылығына қызығамын. Олар – нағыз елдің еркесі, зиялы қауым өкілдері. Бірақ өзімді әзірге кітап жазатын адам ретінде елестете алмаймын, мүмкін болашақта ойланармын.
Қазіргі таңда өзімді басқа салада көзге елестете алмаймын. Редактор болу – оңай жұмыс емес. Бұл – бір орында отырып, мәтінмен жан-жақты жұмыс істеуді талап ететін мамандық. Оның өзіндік қиындықтары да, қызығы да көп. Бірақ мен бұл саланы жан-тәніммен жақсы көремін.
El.kz: Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!