Аудандық білім бөлімінің бухгалтері бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды

14 Қараша, 22:03 354

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жымқыру тәуекелдерін барынша азайту мақсатында барлық өңірлерде бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесі енгізілді, бұл жоғары жалақы мен «Өлі жандарды» есептей отырып, алаяқтықты уақтылы тоқтатуға, жалған деректердің енгізілуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

Қазір әкімдіктер ай сайын білім беру ұйымдарының бухгалтерлік есеп жүйелерін қазынашылық есептерімен автоматты түрде салыстырып отырады. Кез келген сәйкессіздіктер екі рет тексеріледі.

Сонымен қатар, Ішкі мемлекеттік аудит комитеті және оның аумақтық департаменттері ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап жалақыны негізсіз аудару тұрғысынан төлемдерді камералдық бақылауды жүзеге асырады.

Барлық күдікті операциялар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, білім басқармасына және аударым жасаған ұйымның өзіне талдау жасау үшін түседі.

Бұл барлық күдікті операцияларды бақылауға және құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Жергілікті жерлерде білім беру саласының басшыларына бюджетті бөлуге жауапты қызметкерлермен профилактикалық жұмыстар жүргізу қажет.

Әрбір бөлінген тиын ерекше бақылауда және жымқыруды анықтау қиын емес.

2023 жылдың басынан бастап осы салада барлығы 297 қылмыстық іс жүргізілді.

Қылмыс жасауда 406 адам әшкереленіп, оның ішінде 196 адам түрлі жазалау шараларына сотталды.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Ж. Жабаев атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат гимназиясының екі бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс тергеуде.

Олар алдын ала сөз байласу арқылы қылмыстық топ құрамында 5 жыл бойы өзінің карточкалық шоттарына асыра жалақыны және басқа да төлемдерді аудару жолымен 120 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелуде.

Тергеу жалғасуда.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Зарина Арман
Бөлісу: