Атыраулық блогер прокурордың қалтасынан 20 мың теңге ұрлап алған

19 Қазан, 20:33 666

Атырауда жергілікті блогер қорқытып алу және ұрлық жасады деген айыппен сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотында қаралды. Іс материалдарына сәйкес, жергілікті блогер супермаркеттің сөрелерінен жарамдылық мерзімі өткен тауарларды тауып, кейін қызметкерге полиция шақыратынын айтқан. Арыз жазамын деп қорқытып, дүкен иесінен 2 млн теңге талап еткен. Полиция келген соң ол жарамдылық мерзімі өткен өнімдерді сату және тауарларда мемлекеттік тілде мәліметтердің болмауы туралы арыз жазған. Кейін өтінішті қайтарып алу үшін 39 824 теңгеге азық-түлік алған.

Бірнеше күннен кейін блогер сот процесіне қатысқан әріптесін қолдау мақсатында Атырау қаласының №2 сотына келіп, прокурорларға арналған бөлмеге кірген. Ішінде қызметтік киім тұрған шкафты ашып, прокурорлардың бірінің қалтасынан 20 мың теңгені ұрлап алған. 

Сотта сотталушы кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен және тергеу әрекеттерінің бейнежазбаларымен өз дәлелін тапты. Блогер Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігі 3-тармағы және 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ,-делінген сот мәліметінде. 

Перизат Саденова
Бөлісу: