Атыраудың «Иверия» грузин би ансамблі Италияда Қазақстан атынан өнер көрсетеді

30 Наурыз 2019, 12:11 2625

Наурыз мерекесі қарсаңында Алматы қаласында өткен халықаралық көпжанрлы «Аrtictic days»  өнер және мәдениет фестиваль-байқауында Атырау облысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының грузин этномәдени бірлестігінің «Иверия» би ұжымы Бас жүлдені жеңіп алды.

«Халықаралық өнер күндері» аясында өткен фестивальға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстаннан 800-ге тарта өнер майталмандары, яғни жүзден астам би ұжымы өнер көрсетуге ниет білдірген. Гала-концертке іріктеу турынан өткен 14 ұжым қатысқан. Олардың қатарында атыраулық «Иверия» ансамблі де болды. 26 бала «Мой Кавказ» және «Наурыз» билерін орындап, ақтық сынға жолдама алды. Марапаттау рәсімінде атыраулықтар Бас жүлде ретінде Италияның Римини қаласында шілде айында өтетін фестиваль-байқауға тегін қатысуға құқық беретін сертификатты еншіледі.

Қазылар алқасының құрамында Испанияның сальсо билері бойынша төрт мәрте жеңімпазы С. Хавьер, «Festival&contest» Қауымдастығының Президенті Кристино Карточети және тағы басқалар бар. «Иверия» би ұжымы жеңіп алған «Special artistic Award» арнайы сыйлығының ерекшелігі – оның бір рет қана табысталуында. 

«Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзенің айтуынша,  «Иверия» би ұжымы осыдан 13 жыл бұрын құрылған. Содан бері табанды еңбек етіп келеді. Әр түрлі жастағы жас таланттардан құрылған ұжым   көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары.

Бөлісу: