Атыраудан Ресейдің шекарасына дейінгі жолдың бір бөлігі жабылды

16 Желтоқсан 2023, 21:23 898

Атырау облысында күн бұзылды. Осыған байланысты Исатай ауданындағы Жанбай ауылының тұсынан Ресей Федерацциясының Астрахан облысымен шекараға дейінгі жол бөлігі жабылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ге сілтеме жасап. 

«ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Қуанышбек Шортабаевтың айтуынша, бүгін, 16 желтоқсанда сағат 11:30-да аталған жол бөлігінде көлік қозғалысына шектеу қоюға шешім қабылданған.

Жол бөлігінің жабылуына ауа райының бұзылғаны, жаңбырдан кейінгі көктайғақ себеп болып отыр. Осыған байланысты «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» (Астрахан бағыты) тас жолының 712-893 шақырымы аралығындағы жол жабылды. Жолдың бұл бөлігі Исатай ауданындағы Жанбай ауылының тұсынан басталып, Ресейдегі Астрахан облысымен шекараға дейінгі аралықты қамтиды, -деп хабарлады Қуанышбек Шортабаев.

Оның айтуынша, «ҚазАвтожол» АҚ және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ның Атырау облыстық филиалдарының мамандары бірлесе жұмыс атқаруды қолға алған. Оған «ҚАЖсервис» ЖШС өкілдері қосылған.

Бүгін Атырау облысында ауа темпераурасы -8-10 градустың аралығында. Күн бұлтты. Құрманғазы ауданында жаңбыр, Махамбет ауданында қар жауды. Құрманғазы ауданындағы жолда жаңбырдың салдарынан көктайғақ бар. Қазір «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» (Астрахан бағыты) тас жолының 712-893 шақырымы аралығында 10 адам жұмыс істеп жатыр. Арнайы 6 техника тартылды. Жолға бір тәулікте 18 текше метр инертті материал себілді, - деп мәлім етті Қуанышбек Шортабаев.

Берік Арманов
Бөлісу: