Атыраулық Тілекқабыловтар әулеті «Мерейлі отбасы-2019» ұлттық конкурсының Бас жүлдесін иеленді

9 Қыркүйек 2019, 10:51 3016

Отбасы институты қоғам дамуының тірек күшіне айналды. әлеуметтің әлеуетін ғана емес, сондай-ақ, ұлттың сапасын арттыру бүгінгі күннің басымдық берілер мәселесі болып отыр. Қоғамның жаңа бір мүшесі от басында қалыптасады, оның өз отанын сүюі де ұяда көрген-білгенінен басталады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығының ақиқаты да осында.

2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда отбасы құндылығына назар аударту, ата-ананың баласы алдындағы, баланың әке-шешесі алдындағы жауапкершілігінің маңыздылығын арттыру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын мемлекеттік деңгейде өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Конкурс ел ішіндегі «ана көріп, тон пішкен, әке көріп оқ жонған» отбасыларды тауып, күллі Қазақ еліне үлгі ретінде ұсынды. Отбасының рөлін арттырған мұндай шара жаһанданған әлемнің өкшесін басуға ұмтыламын деп, кей кездері бабалар аманатын ұмыт қалдырып бара жатқандай көрінетін ұрпақтың ұлттық құндылыққа қайтып оралуы үшін де қажет қадам болатын.

Сонымен әлқиссса... өткен сенбіде орталық концерт залында дүркіреп өткен «Мерейлі отбасы» ұлтық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне елдің түкпір-түкпірінен он жеті шаңырақ иесі шақырылды. Аталмыш шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, сонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Парламентінің депутаттары қатысты.


Марапаттау рәсімін ашқан Бердібек Мәшбекұлы Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқыды. Онда мемлекеттік маңызы зор іс-шараның Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі екендігі айтылды. Бердібек Сапарбаев пен Гүлшара Әбдіқалықова финалист-отбасыларға дипломдар және Қазақстан Республикасының Бірініші Президенті-Елбасы қорының атынан арнайы сертификаттар табыс етті.


Конкурс жеңімпазын анықтауға күллі қазақстандықтар атсалысты десек те болады. Ол 30 тамыздан 6 қыркүйекке дейін өткізілген смс/интернет арқылы дауыс беру қорытындысы бойыша анықталған. Жабық конвертте жеткізілген, көпшіліктің таңдауы түскен «Мерейлі отбасын» Бердібек Мәшбекұлы жария етті.


Бірнеше айдан бері өкізіліп келе жатқан аудандық, өңірлік деңгейдегі додаларда үлгілілігімен үздік деп танылған он жеті отбасының елорданың төріне қолұстасып келуінің басты себебі - демдерін іштеріне тартып күткен сын сағаты осы кез болатын. Сонымен, 2019 жылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағына мұнайлы Атыраудан келген Тілекқабыловтар отбасы лайықты деп танылды.


Әулеттің қазынасы сексеннің сеңгіріне шыққан Аймекен Қабдешқызы 8 баладан 28 немере 16 шөбере сүйіп отырған алтын құрсақты ана. Әулет атынан келген оның қарашаңырақтағы балаларына Бердібек Мәшбекұлы шағын автобустың кілтін тапсырды. Жүлдені табыстау сәтінде көңілінің толқығанын жасыра алмаған Асхат Тілекқабылов: «Бұл қуанышты біздің әкеміз бен анамыз көріп, осы сахнада солар тұруы керек еді. Өкінішке орай әкем өмірден өтіп кетті, ал анам болса денсаулығына байланысты келе алмады. Алайда, әкеміз бен анамыздан алған тәлім-тәрбиені өміріміздің басты ұстанымымыз мен бағытымызға айналдырған біз, оны өз балаларымыздың да бойына сіңіруге тырыстық. Ең бастысы, елге қызмет етсек дедік. Себебі, әкем өмірін ұстаздыққа арнаған жан болатын. Алдағы уақытта балаларымыз осы жолды жалғастырады деп сенеміз», - деді.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурс алғаш рет өткізілген 2014 жылы оған 1298 отбасы қатысқан болса, бүгінгі күні бұл сан екі есеге дейін артқан.

Бөлісу: