Атыраудағы «Мұнайшы» стадионы қайта жөнделеді

18 Қазан 2023, 04:33 947

Атырау қаласында "Мұнайшы" стадионы қайта жаңғыратын болды. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында белгілі болды. Жиынның күн тәртібінде аймақтағы елді мекендерді спорт нысандарымен қамту мәселесі қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдымен облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Дастанбек Қоспанов баяндама жасады. Оның айтуынша, «Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына» сәйкес, 1000 адамға шаққанда тұрғындарды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі өткен жылдың статистикалық есебі бойынша 40,5 пайызға жетіп, артығымен орындалды. 

- Облыста спорттық нысандар саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы 36 нысан пайдалануға берілсе, биыл жыл басынан бір спорт кешені, 2 спортзал, 7 алаң іске қосылды. Бүгінде Жылыой ауданы, Атырау қаласы және Мақат аудандарында спорттық нысандармен қамтылуы жақсы деңгейде. Индер ауданы орта деңгейде болса, қалған аудандар төменгі деңгейді көрсетіп отыр. Осы көрсеткіштерді жақсарту мақсатында 2023-2027 жылдары облыс көлемінде 26 спорт кешенін салуды жоспарлап отырмыз. Жалпы облыста халық саны 1000-нан асатын 68 ауылдық округ бар. Оның 28-і спорттық кешендермен қамтылса, 23 округте жұмыстар жоспарланды. Қалған 17 округте жұмыстар басталған жоқ. Олардың басым бөлігі Құрманғазы мен Махамбет аудандарында.  Жалпы облыстың елді мекендерін спорттық нысандармен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр,-деді Д.Қоспанов.

Ал облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, өңірде биыл сегіз спорт нысанының, 2024 жылы 12 спорт нысанының құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланды. Сонымен қатар 2024 жылы «Мұнайшы» стадионын қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Десе де келер жылы аяқталатын кейбір спорт нысандарының құрылысы объективті себептерге байланысты тоқтап тұр.

- Оның ішінде Қызылқоға ауданы  Сағыз ауылындағы спорт кешенін салып жатқан мердігермен келісімшарт біржақты бұзылып, құрылысты аяқтауға қайта конкурс жарияланды. Мердігер мекеме 2 қарашада анықталады деп күтілуде. Сонымен қатар Индер ауданы Көктоғай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің мердігері жұмысты уақытылы жүргізбей, жобаға сай болмауынан экономикалық сотқа арыз жолданды. Ал қаладағы 3 спорт залының құрылысы 2021 жылдың сәуір айында облыстық экономикалық тергеп тексеру департаментімен қылмыстық іс ашылып,сот процесі жүргізілуіне байланысты тоқтап тұр. Жоғарыда аталған мәселелерді шешу мақсатында басталған құрылыстарды толық аяқтау үшін әріптестерімізбен бірге тиісті деңгейде жұмыс жүргізіп жатырмыз,-деді Н.Құсайынов.

 

Жиында облыс әкімі Серік Шәпкенов салаға жауапты орынбасарлары Марат Мурзиев пен Қайрат Нұртаевқа спорт нысандарының құрылысын жүйелі жүргізбей отырған мердігерлердің алгоритімін жасап, олармен келісімшартты бұзу туралы нақты тапсырма берді.

- Тұрғындардың салауатты өмір салтын қамтамасыз ету үшін облыста спорттық нысандардың санын көбейту қажет. Бірақ басымдық халық саны көп аудандарға берілуі тиіс. Сіздердің дерегіңізде спорт нысандары өте аз аудандар тұр. Оны қайта қарап, жүйелеу керек. Нысанды салу туралы тапсырма берілген кезде алдымен қаражат нақтыланып, бұл нысанның белгіленген елді мекенге қажеті бар-жоғы қаралады. Егер салынбайтын нысан болса, алдағы уақытта ашығын айтып, орнына басқа нысан салу туралы ұсыныс беру керек. Сонымен қатар облыста спорт нысандарының құрылысын жүйелі жүргізбей отырған мердігерлерді жосықсыз деп танып, келісім-шартты үзу қажет. Оның алгоритмін жасап, жұмысты бақылауда ұстауды орынбасарларыма тапсырамын,-деді С.Шәпкенов.

Перизат Саденова
Бөлісу: