Атырауда мыңнан астам қой, бір боталы іңген тірідей өртеніп кетті

16 Шілде 2022, 01:54 2281

Негізі өртке шалынған мал - «Сүйіндік» асыл тұқымды қой зауытының қойлары.

Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дәурен Берденов "Сүйіндік" асыл тұқымды қой зауытындағы өрттің салдары әлі анықталып жатқанын айтты, деп хабарлайды EL.KZ.

Ал, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиевтің айтуынша, Құрманғазы ауданында өрт шалған қойлардың жартысы ет комбинатына жөнелтілді.

Негізі өртке шалынған мал - «Сүйіндік» асыл тұқымды қой зауытының қойлары. Олар ешбір сақтандыру компаниясында сақтандырылмаған. Сол себепті заң бойынша кәсіпкерге мемлекет тарапынан өтемақы төленбейді.

Дала өрті кезінде қырылған мыңнан астам асыл тұқымды Еділбай қойының 619-ы саулық, 414-і биыл туған төлдер екені анықталды. Қорадағы 516 қой, 1 інген ботасымен бірге толықтай өртеніп кеткен. 13 бас қой жоғалған. Қазіргі таңда зауытқа келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр,-деді Азамат Айтқалиев.

Сонымен қатар бес жүзден астам қой көршіліс Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында орналасқан ет комбинатына жөнелтілді. Термиялық өңдеуден өткен соң, одан ет өнімдері дайындалады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дәурен Берденовтің мәліметінше, Сүйіндік ауылында өрт сөндіру қызметінің арнайы жасағы жоқ. Ауыл мен аудан орталығының арақашықтығы - 270 шақырым.

Оқыс оқиғаның болғаны туралы Төтенше жағдайлар департаментіне хабарланбады. Батыс Қазақстан облысында басталған өрттің көршілес Астрахань облысына дейін жалғасқаны белгілі болды. Оның жалпы аумағы - 100 га,-деді Дәурен Берденов.


EL.KZ
Бөлісу: