Хабар-24 арнасының хабарлауынша Нұрлықыз Шоқатованың отбасы қазір баспанасыз қалып, ағайынды жағалап жүр. Маңдай терімен қол жеткізген үйінен айырылған ол енді не істерін білмей әбігерге түскен. Болған оқиғаға өрт сөндірушілердің салғырттығы кінәлі,- дейді.
Бірінші пожардан кейін іле-шала екінші пожардың болуы да солардың жауапкершілігінің аздығы ма, жұмысты дұрыс жасамағандығы ма, содан деп ойлаймыз. Білмеймін, арғы жағын өздері шеше жатар. Біздің өзіміздің қарапайым халық, міне солардың іс-әрекетінің нәтижесінде, дұрыс істемегенінен бір емес, сегіз үй үйсіз қалып, бәріміз далада, жан-жақта қопырап жүрміз - дейді Нұрлықыз Шоқатова есімді қала тұрғыны.
Сегіз пәтердің тұрғыны әкімдік берген жатақхананың қолайсыз екенін айтады. Оның өзін тек қыркүйек айына дейін ғана беріпті. Ал онда жағдай жоқ. Аптап ыстықта салқындатқыш та жұмыс істемейді екен. Оған қоса қыркүйектен кейін қайда барамыз деген уайым да жоқ емес.
Басшыларымыз, әкімдеріміз, барлығы қозғалып, мына 8 үйдің осы материалдық шығынының барлығын өтеп берсе екен деймін. Қазір мынадай аптап ыстықта әр адам әр жерде қаңғып, тентіреп жүр. Мысалы нефтяной столицаның халқымыз ғой. Осы халыққа қарау керек қой үкімет. Қазір қаңғып жүрміз. Ана үйге, мына үйге барамыз - дейді қала тұрғыны Асқар Серіков.
Жалпы барлық мекемелерден көмек сұраймыз, барлық жағдайымызды жасап берсін деп. Шапшаңдатып, мына крышамызды жауып беріп, кішкене үйімізді ретке келтірсін деп көмек сұраймыз - дейді қала тұрғыны Гүлмира Аманшиева.
Қазір келтірілген шығын есептеліп жатыр. Бірақ бұл үйлердің нақты қашан қалпына келетін әлі белгісіз.
Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы бір жолғы көмек беру қарастырылуда. Тұрғындар өтініш берілген уақытта өздері бір жолғы көмек беріледі. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі, оның зардаптары төтенше жағдай департаментімен анықталуда - дейді қала әкімі аппараты бөлімінің басшысы Талғар Хабибуллин.
Бұл Гауһартас тұрғын-үй кешеніндегі алғашқы өрт оқиғасы емес. Былтыр дәл осы уақытта осындай бір үй өртеніп, сегіз пәтердің күл қалған еді.