Атырауда жыл басынан бері 250 адам банкрот деп танылды

Бүгiн, 08:41 214

Жыл басынан бері Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне соттан тыс банкроттық рәсімге байланысты 1343 адамнан өтініш түскен. Оның 252-і банкрот деп танылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өткен жылы 3000-дай азамат өтініш тастап, оның 638-і мақұлданған. Бұл туралы дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының бас маманы Шұға Джаншаева мәлімдеді.

Банкрот деп танылғандардың көпшілігі тұрақты кірістің төмендеуі, несие мен қарыз міндеттемелерін өтеу мүмкіндігінің болмауы, еңбек нарығындағы тұрақсыздық сияқты қиындықтарға тап болған. Кейбір адамдардың өтініштері талаптарға сай болмағандықтан банкрот деп танылмайды. Олар бас тарту себептерін жойып, үш ай өткен соң банкроттыққа қайта өтініш бере алады, - деді бас маман.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, банкроттықты рәсімдеу үшін азаматтың қарыз сомасы 1 600 АЕК-тен аспауы, сондай-ақ қарызы өтелмеген мерзімі 12 айдан асуы қажет. Ал банкроттық мәртебесін алған адамдарға алдағы 5 жылдықта банктерден және микроқаржы ұйымдарынан несие алуға тыйым салынады. Сонымен қатар олардың қаржылық жағдайына үш жыл бойы мониторинг жүргізіледі.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: