Атырау облысына медициналық кадрларды тарту мақсатында биыл 159 дәрігерге жергілікті бюджет есебінен біржолғы әлеуметтік төлем берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік қолдау аясында ауылдық елдімекенге келген 9 маманға 10 млн теңге, аудан орталықтарындағы медициналық ұйымдарға қызметке орналасқан 32 маманға 8,5 млн теңге, Атырау қаласына жұмысқа келген 118 дәрігерге 5 млн теңге көлемінде төлем жасалды. Бұл туралы өңірде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев мәлімдеді.
Көтерме жәрдемақы алған мамандардың қатарында хирург, педиатр, жалпы тәжірибе дәрігері, офтальмолог, онколог, анестезиолог-реаниматолог, невропатолог, радиолог, кардиолог, психиатр және неонатолог бар.
Бүгінде аймақта 107 дәрігер жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін ауылдық жерлерге медицина мамандарын тарту бойынша арнайы әлеуметтік төлемдер пакеті әзірленді. Жас мамандар ауылдық елді мекендерге жұмысқа орналасқан жағдайда қызметтік пәтермен қамтамасыз етіледі, төмен пайызбен үй сатып алу мүмкіндігі беріледі және жалақысына үстемақы төленеді, - деді басқарма басшысы.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығына сәйкес ауылдық елдімекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы мамандарға, сондай-ақ ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Бұл бұйрыққа сәйкес 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Осы шаралардың барлығы өңірге білікті медицина мамандарын тартуға және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға бағытталған.