Атырауда жағымсыз иіс тарады

14 Шілде, 02:40 745

Атырау жұрты жағымсыз иістен тұншығып жатқанын айтады. Қала тұрғындары арнайы күкірт сутегінің қалыпты нормадан бірнеше есеге дейін артқанын байқаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап. 

Соңғы 3 күнде шаһарда қолқаны қабатын жағымсыз иіс тарады. Тұрғындардың басым бөлігі оны түнде сезген. Иістің қатты болғаны сонша кейбірінің демалуы қиындап, қысылғандарын айтады.

Иістің шаһар шетіндегі 500 гектардан аса аумақты алып жатқан нәжіс суын төгетін «Квадрат» булану алаңынан шығып жатқаны анықталды. Қазір аумақты тазалап, жаңа кәріздік тазарту қондырғысын салу жұмыстары жүруде. Келісімшарт бойынша жобаның құны 19 млрд 475 млн теңгені құрайды.

Биылғы жылы бітіру керек еді, бірақ тасқын судың келуіне байланысты биыл бітіре алмайды. Барлығын жасауға мүмкіндік жоқ. Оның ең бірінші жасайтын жерлері мына лас түсетін жерлері. Бірінші сол жерлер тазаланды. 20-30 гектар жер тазаланды, - дейді Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов.

Экология департаментінің мамандары да ауа құрамын тексерді. Нәтижесінде күкіртсутектің 10 есеге артқанын айтады.

Экология министрлігі және жергілікті атқарушы органдармен бекітілген жол картасы бар. Мұнда кезек күттірмей шешілетін бірқатар экологиялық мәселелер көтерілді. Бүгінгі күні оның тең жартысы шешілді. Қалғаны кезең-кезеңімен шешіледі, - дейді Облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Есенов.

Жыл басынан бері қала аумағындағы бірқатар мұнай компанияларына ауаны ластағаны үшін 13 млрд теңгеден астам айыппұл салынған. Қазір басым бөлігі сот процесінде.

Перизат Саденова
Бөлісу: