Атырауда үй өртеніп, анасы мен ұлы жанып кетті

11 Қараша, 20:04 469

Атырауда жеке тұрғын үйде өрт шығып, анасы мен ұлы көз жұмды. Оқиға Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылында болған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Облыстық ТЖД мәліметінше, өрт 5 қарашаға қараған түні болған. Бірақ бұл туралы ақпарат желілерде бүгін тарады. Ондағы ресми емес ақпаратқа сүйенсек, өрт кезінде 66 жастағы зейнеткер әйел 35 жастағы ұлын құтқармақ болған. Ер адамның денсаулығында кінәрат болған көрінеді. Алайда үйдің жанып жатқан шатыры төмен түсіп, екі адам қызыл жалын астында қалған. Ал құтқарушылар қалған отбасы мүшелерін өрт шыққан үйден алып шыққан. 

Ведомство екі қолы күйік шалған 58 жастағы отағасы мен 5 жасар немересі дереу аудандық ауруханаға жеткізілгенін айтты.

Өрт сағат 5:52-де ауыздықталып, 6:30-да толықтай сөндірілген. Қазіргі таңда оқиғаның шығу себебі анықталып жатыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: