Атырауда тәртіп сақшыларына бағынбаған 5 жігіт қамауға алынды

25 Шілде 2023, 11:00 950

Атырауда полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен 5 жігіт әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Атырау қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 жігіт көшеде төбелес шығарған.

Атырау қаласындағы №1 қалалық полиция бөліміне жергілікті уақытпен сағат 23:15-те М. Әуезов көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйдің алдында белгісіз ер адамдардың төбелескені туралы хабар түсті. Учаскелік полиция инспекторлары оқиға орнына барып, тексеру жүргізді. Сол кезде бұзақылық жасағандар полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, қарсылық танытты. Алайда, тәртіп сақшылары қоғамдық орында бұзақылық жасағандарды №1 учаскелік полиция пунктіне жеткізді, - деп хабарлады полиция басқармасы.

Учаскелік полиция инспекторлары 1985, 1986, 1987, 1988 және 1991 жылғы жігіттерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1, 2-бөлімдерімен 667-бабының 1-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырды. Жинақталған іс құжаттары сотқа жолданды. Сот шешімімен кінәлілерге 5 күннен 20 күнге дейін әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

Равиль Ашығали
Бөлісу: