Атырауда түрлі ұлт өкілдері қазақтың салт-дәстүрлерінен көріністер әзірлеп, сахналады

14 Қараша 2018, 05:13 4012

«Қоғамдық келісім» Достық үйінде облыстың этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы және Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері» тақырыбында ауқымды шара өтті.

Сан ғасырдан келе жатқан қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен ұмыт қалған жоралғыларын сахна төріне ұсынған түрлі этнос өкілдері қалың көрерменнің көзайымына айналды.

Соның ішінде, «Иверия» грузин этномәдени бірлестігі қазақ халқының «Көрісу» салтын дәріптеп, қонақтарға бауырсақ пен ақтан дәм татқызды.

«Қызға сырға салу» рәсімін «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі шебер сомдап шықты. Арнайы дайындаған көрінісімен көпшілікті ерекше ықыласқа бөледі.

Халқымыздың қайнар көзіне айналған «Бата беру» рәсімін «Довира» украин этномәдени бірлестігі ұсынып, «Ақ тілеудің белгісі – бата» деп, бата беріп, шешендік пен даналықтың үлгісін көрсете білді және көрініс соңында «Саржайлау» әнін орындады. 

Ал «Светоч» славян этномәдени бірлестігі қазақ халқының ұмыт қалған жоралғыларының бірі – «Құрсақ той» дәстүрін ерекше сахналап шықты. Бұл тұмса келіншектің бойына бала біткенде жасалынатын той. Құрсақ тойға келіншектің абысындары, қайын сіңлілері мен әжелер шақырылып, дәмді астарын дайындап әкеледі. Ондағы мақсат – келіншектің жерік асын табуы керек. Жерік асын тапқан әйелге ерекше құрмет көрсетіліп, сыйлық беріледі.

«Шараны «Тхоньиль» корей этномәдени бірлестігі «Тұсаукесер» рәсімімен  жалғастырды. Оны қадірлі, беделді адамдарға ұсынады, кейде желаяқ, жүйріктерге де беріледі. Тұсау кесу үшін бір тіні ақ, бір тіні қара жіп таңдалынады. Ол жіптің екі жағы ортасынан кесіп жібергенде, түсіп қалмайтындай, екі аяққа бөлек-бөлек байланады және тұсаудың үзіктері баланың аяғынан өзі шешіліп қалғанша алынбайды. Ол үзіктер баланың аяғында ұзақ сақталса, ғұмыры да ұзақ болады деп үміттенген.

Соңында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ж. Досқалиева: «Барлық ұлттар бір шаңырақ астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Ал татулық – болашақта еліміздің өркендеуі мен гүлденуінің басты кепілі. Себебі, Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, ортақ мекеніміз» – деп, шараға белсене атсалысқан қатысушылар естелік сыйлықтар табыс етті.

Бөлісу: