Атырауда су жағасынан 100 шақырымнан астам қорғаныс бөгеті салынды

13 Сәуір, 20:01 932

Атырауда Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне және Ириклин су қоймасынан су ағынының ұлғаюына байланысты жағалауды нығайту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

13 сәуір күні таңертеңгі мәлімет бойынша жоспарланған 215,1  шақырымның 101,2 шақырымына жағалауды нығайту бөгеттері салынды. Айта кету керек, бастапқыда картографиялық деректер бойынша ұзындығы 105 шақырым бөгет құрылысы жоспарланған.

Бүгінгі таңда Атырау қаласының маңында орналасқан, Жайық өзені мен Каспий теңізі арасындағы маңызды артерия - Соколок каналын тереңдету және кеңейту жұмысы қарқынды жүргізілуде, оның ұзындығы - 24 шақырым. Арна кеңейтіліп,  қалған топырақ бөгеттерді нығайтуға қолданылады. Сондай-ақ, қазіргі Соколок каналының жанынан қосымша канал салынып жатыр. Соколок каналынан су тасып кеткен жағдайда екінші канал резервтік гидротехникалық құрылыс қызметін атқарады. Қазір 12 шақырымының жұмысы аяқталды.

Тек Атырау қаласы бойынша жағалауды нығайту бөгеттерін салуға 1 мыңға жуық арнайы техника, 3,2 мың түрлі мекемелердің қызметкері және 3,5 мыңнан астам ерікті жұмылдырылды.

Жергілікті төрт компанияның күшімен Қараөзек каналының жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Оның ұзындығы 35 шақырымнан астам - Атырау-Орал тас жолынан Еркінқала ауылдық округіне дейін. Бұл канал Жайықтың бір саласы болғандықтан өзен үшін ерекше маңызды. Мұнда бөгеттерді нығайту (қосымша 1,5-2 метрге көтеріледі), арнаны, көпір өткелдері мен шлюздерді тазарту жұмыстары жүргізілуде. 

Сонымен қатар, соңғы жылдары шаруа қожалықтарының қожайындары канал арқылы құбырлар мен топырақтан өткелдер жүргізген, олар қазір судың өтуін жақсарту мақсатында ашылып жатыр.

Қараөзек каналының жағалауын бекіту жұмыстарына төрт компаниядан 350 адам, 50-80 жергілікті тұрғын мен еріктілер, сондай-ақ 70-тен астам арнайы техника жұмылдырылған. Айта кететін жайт, жоспарланған жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл компаниялар мол судың келуі кезінде бақылауды жалғастырады. Ал қажет болған жағдайда қиын аймақтарға тартылады.

Жалпы, қала іргелес ауылдық округтерімен бірге  107 учаскеге бөлініп, әрқайсысына жауапты тұлға бекітіліп, атқарылған жұмыстар туралы ақпарат күн сайын жаңартылып отырады. Су тасқынына дайындық жұмыстарына Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің Ұлттық Ұлан бөлімшелері жұмылдырылды, басқа өңірлерден техникалар келіп жатыр, өңірдегі ірі мұнай компанияларының күштері мен құралдары да жұмылдырылды. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жергілікті кәсіпкерлік субъектілері белсенді атсалысуда.

Перизат Саденова
Бөлісу: