Атырауда соғыс жылдарын еске алды

25 Маусым 2019, 10:52 2625

Атырау университетінің «Әскери даңқ» залында «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен еске алу шарасы өтті.

Оны «Мирас»  патриоттық тарихи-өлкетану клубының жетекшісі, «Әскери даңқ» залының меңгерушісі, ардагер, республикаға есімі танымал  өлкетанушы Вячеслав Афанасьев ашып, соғыс жылдарында қаза тапқан әскерлер туралы, концлагерь тұтқындарының өмірі, тылдағы халықтың ашаршылық пен қиындықтары, қираған қала орындары, т.б. жантүршігерлік соғыс салдары туралы кеңінен мағлұмат берді.

 

Өз уақытында Вячеслав Афанасьев пен оның көмекшілері қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен майдангерлердің аттарын іздеу және қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс атқарды. Көп жылдық ізденістердің нәтижелері – музей-залының экспонаттары қатарында фотографиялар, газет жарияланымдары, қолдан жасалған брошюралар және тағы басқа қажырлы және қиын жұмыстың айғақтары.

«Былина» ЭМБ төрағасы Андрей Кораблев студенттерге мұрағаттық ізденістерге атсалысуға, іздестіру жасақтарымен байланыс орнатуға және жауынгерлердің тағдырын қалпына келтіруге, олардың туған-туыстары мен жақындарына баға жетпес қызмет көрсетуге шақырды.

Қатысушыларға өзінің атасы, батальон командирі, капитан Базарбай Баймұқановтың суретін мұражайға сыйға тартқан Орск қаласынан келген Олег Замулдинов өзінің көпжылдық ізденістері мен офицер-орден иегері Баймұқановтың жауынгерлік жолы туралы сыр шертті.  

Сондай-ақ, 1944 жылы соғыс жылдарында дүниеге келген Атырау өңірінде Журналистика саласында тынбай еңбек еткен  ардагер Любовь Монастырская да өзінің балалық шағы туралы әңгімеледі.


Шара «Всплеск» балалар-жасөспірімдер шығармашылық студиясының, сондай-ақ,  «Фронтовичка» ардагерлер хорының қойылымдарымен жалғасты.


Бөлісу: