Атырауда өрт сөндірушілер май қалдықтарынан шыққан өртті ауыздықтады, деп хабарлайды El.kz облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
19 қаңтар күні сағат 15:19-да Атырау қаласы, З.Қабдолов көшесі мекенжайындағы мекемелердің бірінде орналасқан резервуарлар жанында түтін шыққаны туралы хабарлама түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен соң «Petro Export» ЖШС-нің ауласында (әрқайсысы 400 текше метр) 2 резервуарда және шамамен 64 шаршы метр көлеміндегі жапсарлас бөлігінде май қалдықтарының жанғанын анықтады, - делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Өртті сөндіруге облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен«Семсер Өрт сөндіруші» ЖШС-нан 19 қызметкер мен 6 бірлік техника жұмылдырылды.
Өрт сағат 16:38-де оқшауланып, сағат 17:41-де сөндірілді.
Зардап шеккендер жоқ. Тілсіз жаудың шығу себептері анықталып жатыр.