Атырауда кәріс халқының Жаңа жылдық мерекесі аталып өтті

28 Қаңтар 2020, 17:28 2712
Атырауда шығыс күнтізбесі бойынша кәріс халқының Жаңа жылдық «Сольналь» мерекесі аталып өтті.

«Сольналь» - кәріс халқының ұлттық отбасылық мерекесі. Бұл күн жыл басы болып табылады. Жыл қалай басталса, солай болады деп болжаған кәрістер.


Кореяда бұл мереке үш күн тойланады екен. Сондықтан бұл мерекені қызу да салтанатты түрде өткізуге тырысады.

«Сэбэ» дәстүрі бойынша кәріс халқының жас өкілдері үлкендерге иіліп амандасып, ізет көрсетеді. Мерекелік дастархан жайылып, ұлттық тағамдарын ұсынады.

Сенбілік демалыста өткен мерекелік шарада «Тхоньиль» кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Ли барша атыраулықтарды ерекше мерекемен құттықтап, «Жаңа жылымыз жақсы жаңалықтар мен қайырымды істерге толы жыл болсын» деген жүрекжарды лебізін білдірді.


Cондай-ақ, «Самульнори» барабаншылар ансамблі, «Со Куан» би ұжымы, корей орталығының мақтанышына айналған «Тхоньиль», жас шамасы 70-80 жас аралығын қамтитын «Саранг» хор ұжымы өз өнерлерін көрсетіп, концерттік бағдарлама ұсынды.


Бөлісу: