Атырауда бірқатар құрылыс нысандарының жұмысы тоқтап қалған

19 Қазан 2023, 07:27 616

Атырау облысында 2027 жылға дейін 26 спорт нысанын салу жоспарланған. Алайда кейбір спорт нысандарының құрылысы тоқтап тұр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Әкімдік отырысында елді мекендерді спорт нысандарымен қамту мәселесі қаралды. Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Дастанбек Қоспановтың мәліметінше, былтыр 36 нысан пайдалануға берілген. Ал, биыл 1 спорт кешені, 2 спортзал, 7 алаң іске қосылған көрінеді.

– 2027 жылға дейін 26 спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Облыста тұрғындар саны 1000-нан асатын 68 ауылдық округ бар. Оның 28-і спорттық кешендермен қамтылған. Ал, 23 округте спорт нысанын салу жоспарланса, 17 округте мұндай жұмыс басталған жоқ. Мұндай округтің басым бөлігі Құрманғазы мен Махамбет ауданында орналасқан, -деп мәлім етті Дастанбек Қоспанов.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, биыл 8, 2024 жылы 12 спорт нысанының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, келесі жылы «Мұнайшы» стадионын қайта жаңғырту жұмыстары басталады.

– Алайда, алдағы жылы аяқталатын кейбір спорт нысандарының құрылысы тоқтап тұр. Оның ішінде Қызылқоға ауданының Сағыз ауылындағы спорт кешенін салып жатқан мердігермен келісімшарт біржақты бұзылды. Құрылыс аяқтау үшін қайта конкурс жарияланды. Мердігер мекеме 2 қарашада анықталады. Ал, Индер ауданындағы Көктоғай ауылында мердігер дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысты уақытылы жүргізбеді. Сол себептен, экономикалық сотқа арыз жолданды. Атырау қаласындағы 3 спорт залының құрылысына қатысты 2021 жылдың сәуір айында облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті қылмыстық іс қозғады. Сот процесінің жүргізілуіне байланысты нысандар құрылысы тоқтап тұр, - деп хабарлады Нұрберген Құсайынов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау волонтерлері абаттандыру жобасынан 14 млн теңгенің бұзушылығын анықтағанын жазған едік.

Берік Арманов
Бөлісу: