Атырауда бір топ азаматқа «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» медалі табысталды

Бүгiн, 05:30 214

Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтың төрағалығымен Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.  Облыс әкімі ел Президенті, ҚХА төрағасы Қасым-Жомарт Тоқавтың «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалін бір топ атыраулықа табыс етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Марапат ел бірлігін нығайтып, татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген жандарға табысталды. Олардың қатарында Атырау облыстық ҚХА ардагерлері мен мүшелері, этномәдени бірлестіктің өкілдері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшылары мен қызметкерлері, Ассаблея жанынан ашылған түрлі кеңестің жетекшілері мен журналистер бар.

«Ассамблея жастары» РҚБ-нің өңірдегі мүшелері мен жоғары оқу орнының профессорлары мен мамандары да назардан тыс қалмады.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов жиын барысында Қазақстан халық Ассамблеясының түрлі ұлттың өкілін бір арнада тоғыстырып, қоғамда бірлік пен тұрақтылықтың болуына оң әсерін тигізіп отырған маңызды  құрылым екенін атап өтті.

Осы үш онжылдық ішінде Ассамблея еліміздің қоғамдық-саяси жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып, конституциялық мәртебеге және Парламентте өкілдік ету құқығына ие болды. Біздің өңірімізде әртүрлі этномәдени бірлестіктердің болуы – үлкен мақтаныш. Олар этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында біз аймағымыздағы барлық этностың мәдени мұрасын сақтау және дамытуға бағытталған көптеген маңызды бастаманы жүзеге асырдық. Бұл мерейтой болашаққа, келешек ұрпаққа деген жауапкершілікті сезінуге, олар үшін татулықты, бірлікті сақтау үшін жаңа бағыттарды табуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – Қазақстанның әрбір азаматының тең құқықтар мен мүмкіндіктерге ие болуын қамтамасыз етіп, қоғамдағы келісім мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту, - деді аймақ басшысы Серік Шәпкенов.

Атаулы датаға орай өңірімізде 50-ден астам ауқымды іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, мәдени фестивальдар мен қоғамдық бастамалар бар. 

Айта кетейік, бүгінде Атырау облысында 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

Асқар Таудай
Бөлісу: