Атырауда бір мектепте 40 мұғалімнің жұмыс орны бос тұр

14 Тамыз 2023, 08:21 1339

Білім ордасының әкімшілігі бос жұмыс орындарына конкурс жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мектеп-гимназия әкімшілігінің мәліметінше, білім ордасына тұрақты жұмыс істеуге пән мұғалімдері қажеттігі туындап отыр.

«Атырау қаласындағы жалпы білім беретін №3 мектеп-гимназиясы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары негізінде бос орындарға педагог қызметкерлерді тағайындау үшін конкурс жариялайды. Конкурс құжаттары 14-22 тамыз аралығында қабылданады», -делінген білім ордасының хабарландыруында.

Мәселен, оқушыларға информатика пәнінің қыр-сырын меңгертетін 3, бастауыш сыныптарға 7 мұғалім керек. Математика, орыс тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінің әрқайсысына 4 мұғалімнен қажет. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс беретін 2, оқушыларды көркем еңбекке баулитын 4 мұғалімнің орны бос тұр. Химия, физика, география пәндерінің әрқайсысы үшін бір-бір педагогтан жұмысқа шақырылған.

Сондай-ақ, бір-бірден спорт нұсқаушысы мен шеберхана меңгерушісі, педагог-ұйымдастырушыны, химия, биология, физика және информатика пәндері үшін 4 зертханашы керек. Мектеп директорына 2 орынбасар қажет. Орынбасардың біріне оқу ісі, ал, екіншісіне тәрбие ісі жөніндегі міндет жүктеледі.

Перизат Саденова
Бөлісу: