Атырауда балық аулауға шығып, жоғалған жігіттің жақындары достарынан күдіктеніп отыр

13 Қыркүйек 2023, 09:49 1491

Атырауда достарымен балық аулауға барып жоғалып кеткен Ербол Құсайыновтың туыстары достарынан күдіктеніп отыр, деп хабарлайды  El.kz  ақпарат агенттігі.

Астана телеарнасының хабарлауынша, жігіттің ағайын-туыстары, еріктілер, полицейлер мен құтқарушылар олар демалған тоғай мен Жайық өзенінен іздеп жатыр. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Өзімен бірге болған достары бір ауыздан «ұйқыдан тұрғанда таппай қалдық» деп отырған көрінеді. Олардың полиция мен үй-ішіне жоғалғандығы туралы бірнеше сағаттан соң хабар бергені Ерболдың туыстарына күдік ұялатып отыр.

Ерболдан өзге 5 жігіт болған. Оның төртеуі бала кезден бірге өскен досы және біреуі группаласы екен. Жігіттер Ерболды таңда ұйқыдан тұрған соң таппай қалдық деген. Бірақ полицияға түскі 13:30 шамасында хабарлапты. Оған дейін өзіміз іздедік деп ақталған көрінеді. Жоғалған Ерболдың телефоны сол маңнан табылған. Бірақ іздеген достары бір де бір қоңырау шалмапты дейді не ойларын білмеген туыстары.

Адам іздегенде бірінші ағайыннан іздейді ғой, ағайынына соғып, үйге келді ме деп. Ол да жоқ. Достарды шақырдық, дронмен іздедік қарадық, таба алмай жатырмыз деген. Сұрасаң да бір сөз бәрінің айтатыны, біз білмейміз ұйықтап қалдық дейді, – деді ағасы Әнуар Құсайынов.

Жігіттердің өзара төбелескенін арғы жалауда балық аулап жүрген тұрғындар естіген. 

Машинасын жігіттер болып тексердік. Машинадан пышақ та, балта да таба алмадық. ойлаймын енді. Мына адамдар мүмкін абайсызда бірдеңе жасап алды ма? Мойындай алмай тұр ма? Қорқып қалып тұр ма? Соны милициялар жұмыстары ғой неге жұмыстанбайды. Кешеден бері қарап отырмын, – дейді досы Бағыт Онбаев.

Қазір оқиға болған маңда судың асты да, ой-шұңқырдан іздеп жалғасып жатыр. Ұлттық ұлан сарбаздары мен кинологтар да жұмылдырылды.

Жоғалған азаматтың қасында соңғы болған адамдардан жауап алу және олардың соңғы көрген сәттері туралы ақпараттар алу жұмыстары жүргізуде. Қазіргі таңда алдын ала болжам немесе ол азаматтың қол жұмсаған неше түрлі қауесеттерге ресми деректеме бере алмаймыз. Өйткені адам табылмайынша қандай да бір полиция немесе өзге де құзырлы органдар шешім шығармайды, – деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Равиль Ашығали
Бөлісу: