Алғыс айту күнінде Достық үйі ғимаратының қабырғасына ҚХА-ның 30 жылдығына арналған «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, салтанатты шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, этномәдени бірлестік өкілдері мен тұрғындар қатысты.
Елімізде 30 жыл бұрын 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осы жылдар ішінде ҚХА елдегі ұлтаралық келісімді сақтауда маңызды рөл атқарып, қоғам мен мемлекет арасында диалог алаңының бірегей үлгісіне айналды.
Кейін Алғыс айту күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орайластырылған шара өтті. Жиында Серік Шәпкенов облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмесін аралап, кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Ассамблеяның белсенді қызметі арқылы еліміздегі барлық этностың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін үйлесімді дамытуға, сондай-ақ қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін көтеруге жол ашылды. Сіздер еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау және жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін аянбай еңбек етесіздер деп сенемін. Жетістіктеріңіз көп болсын! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! - делінген құттықтау хатта.
Салтанатты шара Достық үйі этномәдени бірлестіктерінің және жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.
Атырау облысында 18 этномәдени бірлестік бар. Өңірде Ассамблеяның – Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Этномәдени бірлестіктер, Журналистер клубы, «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігі, Этномедиация, Ақпараттық түсіндірме тобы, «Жомарт жан» орталығы, Ғылыми-сараптамалық топ сынды құрылымдары бар.
Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспары аясында облыста 700-ден астам іс-шара өтіп, 23 мыңнан астам адам қамтылды.