Атырауда 4600-ге жуық жасөспірімге вакцина салынды

21 Мамыр, 15:00 579

Атырау облысында ТЖ режимі жарияланғалы бері, инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында 18 жасқа дейінгі 4600-ге жуық жасөспірімге А вирустық гепатитіне қарсы вакцина салынған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атырау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алтынгүл Аймұратованың айтуынша, тасқын қауіпіне байланысты, Атырауда балалар мен жасөспірімдерге вакцина салу қарқынды жүріп жатыр.

Негізінде бұл вакцинаны балалар 2 жасқа дейін алып болуы керек. Бірақ, түрлі себептермен вакцинаны уақытында алмаған балалар өте көп. Тасқын болып жатқан аумақтарда инфекциялық аурулардың таралуын болдырмау мақсатында, А вирустық гепатитіне қарсы вакцина бұрын екпе алмаған 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге салынып жатыр. Облыста ТЖ режимі жарияланғалы бері 18 жасқа дейінгі 4600-ге жуық жасөспірім А вирустық гепатитіне екпе алды, - деді спикер Алтынгүл Аймұратова.

Атырау облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәлімдеуінше, облыс бойынша су тасқыны кезінде вирустық жұқпалы аурулармен ауырған науқас тіркелмеген.

21 мамыр күнгі мәлімет бойынша, Атырауда тасқын болып жатқан аумақтарда санитарлық эпидемиологиялық ахуал тұрақты.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: