Атырау жастарының әл-ауқаты қандай?

27 Сәуір 2022, 15:38 4444

PaperLab орталығы жүргізген зерттеу не дейді?

Атыраулық жастардың 41%-ы некеге дейін жыныстық қатынасқа түсуге қарсы. Бұл туралы PaperLab орталығы өткізген «Атырау қаласының жасөспірімдері мен жастары: әлеуметтік әл-ауқат, құндылықтар және мінез-құлық көзқарастары» тақырыбындағы зерттеу нәтижесінде белгілі болды. Бұдан бөлек аталған зерттеуде өңір жастарын не қызықтырады, олардың дінге, отбасылық құндылықтарға деген көзқарасы, болашақтан не күтеді деген сынды, бүгінгі жастарды толғандыратын бірқатар өзекті мәселелер қамтылған. Сонымен Атырау жастарын не толғандырады? Толығырақ төмендегі материалдан білетін боласыздар.

Зерттеуге кімдер қатысты?

Атырау қаласының халқы халқы 2021 жылдың басында 365 мың адам болса, олардың 69000 немесе 19%-ын 15-29 жас аралығындағы жастар құраған. Ал қала халқының 50,2%-ы әйел адамдар болса, ал 49,8%-ы ер азаматтар екен. Бір қызығы өңірде соңғы 6 жыл ішінде жастар санына қатысты көрсеткіштерде айтарлықтай өзгерістер орын алмаған. Десе де, зерттеуде келтірілген деректерге сәйкес, қала тұрғындары арасында жас азаматтардың жалпы көлемдегі үлесі тұрақты түрде азайып келе жатқандығы анықталған. Мысалы, 2015 пен 2020 жылдары аралығында қаладағы жастар пайызы 23-тен 19-ға дейін төмендеген. Бұл 90-шы жылдардың соңы мен 2000-шы жылдар басында дүниеге келген жастардың есеюімен байланыстырылып отыр. Ғылымда оны – демографиялық шұңқыр деп атайды.


Айта кетерлігі, зерттеуге 14 пен 23 жас аралығындағы жастар қатысып, онлайн сауалнаманың нәтижесі бойынша, гендерлік және жас айырмашылығы бойынша пропорциялар жалпы қала бойынша 14 пен 23 жас аралығындағы жастардың негізгі демографиялық сипаттамаларымен сәйкес болып шыққан. Дәлірек айтсақ, сауалнамаға қатысқан әйелдер саны - 56,4% болса, ерлер -43,6% көрсеткішті көрсеткен. Сонымен бірге сауалнамаға студенттердің белсенді қатысқаны белгілі болды ( 16- 18 жас аралығындағы жастар). Бұдан бөлек сауалнамадан өткендердің шамамен жартысы (47%) жоғарғы оқу орнын бітірген немесе аяқтамаған жастар болса, үштен бір бөлігі орта білім оқу орнын бітірген немесе аяқтамаған (38%) жас азаматтар екендігі анықталды. Ал арнайы орташа білімі бар жастар - 12%-ды қамтыған.

Жалпы сауалнама Google Forms платформасында өтті. Онда қазақ және орыс тілінде аудармалары берілген 53 сұрақ қамтылса, орташа ұзақтығы 10–15 минут болды.

Сонымен бірге, 2021 жылдың 22-Қазан 11-қараша аралығында 607 адам сауалнамадан өткені белгілі болды. Осылайша визуалды және логикалық тексеруден кейін 513 сауалнама зерттеуге іріктеліп алынды. Зерттеуден қайталанған жауаптар мен Атырау қаласында тұрмайтын (Атырау облысының тұрғындары) азаматтардың жауаптары алынып тасталды.

Бұған қоса, этникалық тұрғыда Атырау жастарының басым бөлігі қазақтар құрып отыр – 84%. Орыс және басқа ұлт өкілдері тек қана 15%-ды құраған. Жалпы ресми деректерге сүйенсек, Атырау қаласының этникалық құрылымы 2021 жылы – 88,6% қазақтар және 11,4% орыстар мен басқа ұлт өкілдерінен тұрған (Атырау облысы бойынша тиісінше 93% және 7%).


Тағы бір айта кетер жайт, зерттеу барысында шаһар жастарының тұтыну мүмкіндіктері де анықталды. Бұл ретте тұтыну мүмкіндіктерін бағалау үшін сауалнамашыларға отбасы туралы берілген бес тұжырымдаманың біреуін таңдау ұсынылған еді. Тұжырымдамалар тұтыну мүмкіндіктерінің әр түрлі деңгейлерін көрсететті: «азық-түлікке ақша жоқ» дегеннен бастап, «біз тағы пәтер ала аламыз» дегенге дейін.

Осылайша, сауалнамашылардың басым бөлігі өздерін орта тас өкілдері деп таныды (39%): «ұзақ уақыт қолданылатын заттарды алуға мүмкіндігіміз бар, бірақ қымбат зат (көлік, пәтер) сатып алуға мүмкіндік жоқ». Әр бесінші сауалнамашы (22%) ортадан төменгі топқа жатқан, олардың табысы тек негізгі азық-түлік немесе киім сынды қажеттіліктерді қанағаттандыруға ғана жетеді, алайда ұзақ уақыт бойына қолданатын заттарды сатып алуға жетпейді. Сауалнамаға қатысушылардың тағы бір бөлігі (21%) жоғары тұтынушылық мәртебеге ие және көлік немесе пәтер сынды қымбат заттарды сатып ала алатындығын жеткізген.

Атырау жастарын не толғандырады?

PaperLab орталығы Chevron (AYDI) компаниясының Атырау жастарын дамыту бастамалары аясында Impact Hub Almaty-мен бірлесіп өткізген зерттеуі нәтижесінде атыраулық жастарды бүгінгі күні бірқатар өзекті мәселелер толғандыратыны анықталды. Мәселен, шаһар жастарын алаңдататын ең бірінші мәселесі – қаражат жетіспеушілігі екені белгілі болды. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 30%-ы дәл осы мәселеге алаңдайтындықтарын жеткізген. Сонымен бірге атыраулық жастардың 25%-ы мамандық таңдау әрі өмірдегі өз мақсатын табу толғандыратынын атап өткен. Сол сияқты олардың 15%-ы денсаулықтарына алаңдатушылық білдірген. Мамандардың пікірінше, бұған себеп – соңғы екі жылдағы пандемия болуы мүмкін.


Сондай-ақ сауалнамадан өткен әрбір оныншы адам өздеріне коммуникацияның жетпейтіндігін әрі ата-аналары тарапынан түсініспеушіліктер жиі болатынын айтқан. Сауалнамаға қатысушылар арасында тұрғын үй мәселесі мен жалақысы төмен жұмыс мәселесі де өзекті болып отыр. Бұдан бөлек зерттеуге қатысқан әр төртінші жауап беруші оларды қандай да бір мәселе толғандырмайтынын жеткізген.

Жас айырмашылықтарына қарай жастарды толғандыратын мәселелер түрлі мәселені қамтыған. Ең жас топ мамандық таңдау, қаражат жеткіліксіздігі және ата-аналарымен тіл табысуда қиындықтар туындайтынын жеткізсе, ең үлкен топ қаражат жеткіліксіздігі, демалыс пен ойын-сауық мүмкіндігінің жоқтығы және тұрғын үй мәселесіменн уайымдайтыны анықталды. Бұған қоса аталған топ өкілдері жалақысы аз жұмыс та өздерін толғандыратынын алға тартқан.

Гендерлік айырмашалықтарына қарай жастарды толғандыратын мәселелер де әр түрлі екені белгілі болды. Нәзік жандылар өмірде өз жолын анықтау, денсаулық және коммуникация жетіспеушілігі толғандыратынын атап өткен. Сонымен қатар, олар отбасы ішінде де түсініспеушіліктер орын алатынын жиі атап өтті. Ал ер азаматтарды толғандыратын басты мәселе - тұрғын үй мен жалақысы аз жұмыс болған.

Аборт жасау, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен дін: Шаһар жастарының көзқарасы қандай?

Зерттеу жұмысы авторларының сөзіне сенсек, сауалнамаға қатысушылардың тек 57%-ы ғана исламға жақын екен, ал респонденттердің 6%-ы христиан дінін ұстанатын азаматтар. Сондай-ақ, қала жастарының төрттен бір бөлігі өзін қандай да бір діннің өкілі ретінде көрмейтіні анықталды. Сонымен бірге олардың шамамен төрттен бір бөлігі ғана мешітке баратыны белгілі болды. Ал әрбір екінші сауалнамашы діндарлық жерлерге мүлдем бармайтын көрінеді.

Сауалнамаға қатысқан Атырау жастарының 90%-ы жұбайына қол көтеретін ер адамды ешбір себеп ақтамайтынын атап өткен. Бір қызығы, аталған мәселеге түрлі топ өкілдері әрқалай жауап берген Мәселен, қазақ тілді топ әйеліне қол жұмсаған адамды көбірек ақтаса, орыс тілді топ бұған қарсы болған.

Сонымен бірге қала жастары - ата-ананың балаға қол көтеруін қалыпты жағдай деп қабылдаған. Десе де респонденттердің 59%-ы бұған қарсы екендіктерін жеткізген. Мұндай тәрбие жолын құптамағандар арасында, әсіресе, қыздар – 64%, жасөспірімдер – 63% және орыс тілді жастар – 71% болған.

Тағы бір айта кетер жайт, зерттеу нәтижелері Атырау жастарының жалпы неке туралы консервативтік пікірді ұстанатындарын анықтады. Сонымен бірге олардың 41%-ы некеге дейінгі жыныстық қарым-қатынасқа түсуді қатаң түрде құптамайтынын айтты.

Бұл ретте, зерттеу нәтижелеріне неке туралы консервативтік ұстанымды көбінесе қазақ тілді жастар қолдайтыны, олардың 60%-ы осындай ойда екенін көрсетті.

Ал орыс тілді топ бұған қарсы емес екендіктерін жеткізген. Олардың арасында бұл пікірмен келіспейтіндер тек 13% ғана болған.

Тағы бір қуантарлық жағдай, Атырау жастары ең ішінде абортқа қарсы болып шықты. Сауалнамашылардың жартысынан көбі абортты ешбір себеп ақтамайды деп ойлайды. Ер адамдар арасында мұндай ұстаным қыздардан гөрі кеңірек тараған (60%). Қыздар да аборт туралы негативті пікірде (43%) екендіктерін жеткізген.

Зерттеу жұмысының тағы бір нысаны – ажырасу индикаторы болған. Қала жастарының 40%-ы ажырасуға жол бермеу қажеттігін атап өткен. Мұндай консервативтік көзқарасты ер азаматтар (48%), 17 және 20 жас аралығындағы адамдар (49%), қазақ тілділер (56%) көрсеткен.

Қала жастарының психологиялық әл-ауқаты қалай?

Зерттеушілер ұсынған мәліметтерге сәйкес, Атырау жастарының психологиялық әл-ауқаты мәселесі өткір екенін анықталды. Сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 30%-ы үнемі күйзелісте жүретінін аңғартса, 37%-ы оқтын-оқтын басынан өткеретінін көрсеткен. Сауалнамаға қатысқандардың тек 13%-ы ешқашан депрессияға ұшырамағанын айтқан.


Аталған мәселе бойынша олардың жас айырмашылығы та елеулі фактор болып отыр. Жасөспірімдер (14-16 жас аралығы) және ересектер тобы (21-23 жас аралығы) негативті ахуалды бастан жиі өткеретіндіктерін айтқан. Ал сөйлеу тілі бойынша орыс тілді сауалнамаға қатысқандар арасында депрессия мен жайсыздық көрсеткіші жоғары екені анықталды.

«Атырау жастары қатты күйзелетіні байқалып отыр. Мазасыздық, ыңғайсыздық, апатия сондай-ақ күйзеліс жағдайлары кең таралған. Бұл әсіресе 14 пен 17 жас аралығындағы қыздар мен жасөспірімдерге тән көрсеткіш. Біздің ойымызша, бұл негізінен патриархиялық және қатаң иерархиялы дәстүрлі институттар арасындағы қайшылық пен жылдам жаһанданған жастардың көзқарасымен байланысты»,- деп атап өтті PaperLab зерттеу институтының директоры Серік Бейсембаев.

Жастар арасындағы психологиялық жағдайға әлеуметтік демографиялық факторлардан бөлек әлеуметтік желілердің де әсерін ұмытпаған жөн. Деректерге сәйкес жастардың желіні қанша уақыт қолданатыны мен теріс эмоцияларды қаншалықты жиі сезінетінінің арасында анық корреляция бар екені анықталды. Мысалы, әлеуметтік желіні 1-2 сағат қана қолданатындардың 38%-ы теріс эмоцияны сезінсе, желіде 4-5 сағат отыратындардың 62%-ы теріс эмоцияны бастан өткерітіні белгілі болды.

Бұл ретте виртуалды әлемді көп қолданатындар арасындағы депрессия көрсеткіші жоғары болып отыр. Желіде екі сағаттан кем отыратын жастардың 35%-ы депрессияны үнемі немесе кейде сезінетіні анықталды. Ал, бес сағаттан астам отыратын жастардың 78%-ы депрессияны үнемі немесе кейде сезедң екен.

Осы орайда мамандар өзге зерттеулерді мысалға ала отырып, әлеуметтік желілер, соның ішінде Instagram желісі жасөспірімдер қыздар арасында депрессия мен уайымның басты себебі болып отыр деп дабыл қағуда. Instagram-ның визуалды бейнелерге аса көңіл бөлетіндігінен, қыздардың өз келбеттерімен қанағаттанбаушылық сезімі тіпті өз өзіне қол жұмсау туралы ойларға да әкелуі мүмкін деген болжам айтылуда.


Сауалнамада «түрлі қиындықтар орын алған сәтте, жастар кімнен көмек сұрай алады?» деген сұрақ болған. Бұл ретте жауап берушілердің көбі бірінші ата-анасының көмегіне жүгінетіндігі (57%), кейін достарына (45%) және жақын туыстарынан (32%) көмек сұрайтындығы анықталды. Сондай-ақ, жастардың төрттен бір бөлігі құдіретті күштерден көмек сұрайтыны, мысалы, Аллаға сыйынатындығы (28%), содан кейін желіден көмек іздейтіндігі (13%) белгілі болды.

Ал ресми және ресми емес институттардың көмегі жастар арасында кең тарамаған. Жастардың тек 2%-ы ғана полиция немесе өз мұғалімдеріне баратындығын жазған. Одан да аз мөлшердегі жастар (1%) көмекті психологтардан іздейтіндігін баяндаған. Аллаға сыйынатын жастар көп болса да, олардың арасында имамдардың көмегіне жүгінетіні тек - 2% ғана болған.

Жастардың кімдерден көмек сұрайтындығы жайлы сөз қозғағанда, гендерлік айырмашылыққа байланысты бірқатар ерекшеліктер бар екендігін атап өткен абзал. Мәселен, зерттеу барысында қыздардың ұлдарға қарағанда ата-анасы мен достарынан сирегірек көмек сұрайтыны, тек 22%-ы ғана өздеріне сенетіні белгілі болды. Мұндай бойжеткендер қиын жағдайдан жолды тек өздері ғана іздеп, басқалардан көмек сұрамау әлеуметтік жалғыздық пен қоршаған ортаға сенбеушіліктің белгісі болуы мүмкін екенін жеткізген.

Психологиялық көмектің маңызды жолдарының бірі - қажеттілік туындағанда тұрғындар хабарласа алатын төлемақысыз көмек ұсыну. Алайда мұндай жүйенің Атырау қаласында қолжетімділігі бес баллдық шкала бойынша тек 2,66 балл жинап, «қанағаттанарлықтан төмен» деген бағаны иемденді. Қыздардың бағасы аса төмен көрсеткіш берді - 2,33 балл ғана. Қыздармен қатар ересектер де төмен баға қойды (1,98).

Атырау жастары бос уақытын қалай өткізеді?

Атырауда бос уақытын белсенді түрде өткізетін жастар тобы аз болып шықты. Олардың дені бос уақытын «кейде немесе сирек» өткізеді екен. Сауалнамаға қатысушылар арасында, әсіресе, музей не театрға баратын жастар аз болды. Бұл жерлерге я мүлдем бармаған, я сирек баратын жастардың үлесі 82 % болса, жастардың тек 3 %-ы ғана аталмыш жерлерге тұрақты түрде барып тұратындығы белгілі болды. Тіпті киноға да тұрақты барып тұратын сауалнамашылар үлесі 5 %-ды құрады. Театр, музей не киноға бару туралы сұрақтардың ең үлкен айырмашылығы аталған жерлерге анда-санда барып тұратын адамдар санында болып шықты – 15 % және тиісінше 33 %.

17 мен 20 жас аралығындағы топ театр, музей және киноға 23 жасқа дейінгі жастардан гөрі жиірек барады екен. Екі тілді жастар аталмыш жерлерге қалған тілдік топтардан гөрі жиірек барады. Олар белсенділігі ең төмен болып шыққан орыс тілді топтан музей, театр киноға жиірек барады (8 % және 23 % тиісінше). Ал, спорттағы көрсеткіш мүлдем басқа. Спортпен сауалнамашылардың тек қана 10 % айналыспайды. Бұл бос уақыттағы белсенділік және өзін-өзі дамыту туралы сұрақтар арасындағы «ешқашан» жауабы ең сирек белгіленген белсенділіктің түрі. Сауалнамашылардың 31 % спортпен сирек айналысса, 59 % бұл сұрақта тұрақтылық танытады. Фокус-топ кезінде де қатысушылар биден боксқа дейінгі сан алуан спорт түрлерімен айналысатындарын айтты. Ер кісілер спортпен жиірек айналысады: 29 % ер азамат және 12 % әйел. Спортпен ешқашан айналыспайтын әйелдер саны (14 %), осындай ер азаматтардан екі есе жоғары (6 %) болып шықты. 14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер, әсіресе мектеп оқушылары спортпен жиі айналысады. Ал, жасөспірімдердің 24 %-ы спортпен тұрақты айналысса, 35 %-ы спортпен тек анда-санда айналысатын көрінеді. Екі топтың қосындысы осы жауапты таңдаған 21-23 жас аралығындағы жастар санынан 18% жоғары.

Қалада спортпен айналысу мүмкіндігі 3,59 баллға қанағаттанарлықтай, бұл қызметтермен қанағаттану деңгейіндегі ең төмен балл жинаған психологиялық көмек алудан бір баллға жоғары болып отыр. Спортпен неғұрлым жиі айналысатын топ спортпен айналысу мүмкіндігін соғұрлым жоғарырақ бағалайды.

Сауалнама қорытындысы бойынша, атыраулық жастар кітапты да жақсы оқиды: кітап мүлдем оқымайтын жастар саны тек 13% ғана. Сауалнамаға қатысушылардың жартысынан көбі өздерін жүйесіз («сирек» және «кейде») оқырмандар ретінде анықтады (66 %). Спорттағыдай, сауалнамашылардың тек 21% өздерін тұрақты оқырман деп атады.

Жыныс, жас, тілі және жұмыспен қамтылғанына қарай бөліп қарағанда да жастар белсенділігінде белгілі бір заңдылық анықталмады. Мысалы, қазақ тілді топ орыс тілді топтан гөрі бір істе белсенді болса, екінші істе екі тілді топтан қалып қоюы мүмкін. Өсе келе жастар спортпен жүйесіз айналысқанымен, үлкею белсенділікті жалпы бәсеңдетеді деген сөз емес - 17 жасқа қарай бәсеңдеген жастар 20 жастан аса қайта белсенді бола бастайды.

Жастардың бос уақытын белсенді өткізбеуіне не себеп? Жалпы белсенділіктің төмен болуы әлемдегі эпидемияға қатысты болуы да мүмкін, алайда фокус-топ кезінде басқа да себептер анықталды.

А) Қалада бос уақытты тиімді өткізуге инфрақұрылымның аздығы. Жастар бос уақытты үй сыртында өткізбейтіндерін қалада сәйкесінше орындардың жоқтығымен байланыстырады. Жастар ең көп жиналатын жерлер өзен жағасы мен қаладағы аллея болып шықты, алайда қатысушылар аталмыш жерлерде де айналысуға болатын іс жоқтығына қапалы. Өзен жағасында да, аллеяда да жастардың көңілін жастардың өзі ғана көтереді. Бір қатысушы көңіл көтеретін төлемақысыз жерлердің жоқтығына шағымданды, себебі «күнде-күнде «Байзарға» (Атыраудағы ойын-сауық орталығы) бара беруге не кафелерде отыра беруге кейбіреулердің қаражаты жоқ». Алайда, қаражат болса да ақылы көңіл көтеретін жерлер де көп емес.

Б) Қаладағы жайсыз қоршаған орта. Фокус-топ қатысушысының сөзіне сәйкес, «Атырау — адамдарға арналмаған қала». Қала картасында жастар ұзақ уақыт бойына бой жаза алатындай жер қарастырылмаған. Жастардың белгілі бір жиналатын жері жоқ – көңіл көтеруге мүмкіндік туғызатын инфрақұрылым қаланың әр жерінде шашыраңқы орналасқан. Мысалы, достарымен өзен жағасында жиналып, ол жерден мұз айдынына дейін серуендеп, айдыннан киноға баруға мүмкіндік жоқ. Бірнеше қатысушылар «Мега» ойын-сауық орталығы сияқты, бірнеше ойын-сауық түрі бір жерде жиналған орындардың ашылғанын қалайтындарын айтты.

В) Көпшілік көп жүретін жерлер дамымаған. Көпшілік орындардың «бостығы» бірнеше әңгімеде анықталған фактор. Кей қатысушылар, мысалы, өзен жағасының «таңдамалы түрде» сәнденетінін түртіп, көпшілік әрі қарай жүрмейтін жерлері қаңырап тұратынын айтты. Салынып жатырған құрылыс обьектілері де жылдап, бітпей тұрады. Саябақтар да жасыл шөпсіз «бос», ал ішіндегі аттракциондар «жерден қадалып өсіп тұрғандай». Жасыл шөптің аздығы жердің құнарсыздығынан болмауы да мүмкін, өйткені қатысушылар қоғамдық жерлердің «бостығын» тек Қазақстанның басқа құнарлы жерлерімен ғана емес, сонымен қатар шетелдік компаниялардың «жасылырақ, күтімді қаралған» территорияларымен жиі салыстырады. Сонымен қатар, қатысушылар «көп жерлердің игерілмей бос тұрғанына» шағымданады. Олар қоғамдық жерлерге деген шағымдар білім беретін кеңістіктер туралы да айтты. Бір фокус-топ қатысушысы мұражайларға адамдар неге бармайтынын, оларда көрсетілетін бұйымдардың қазіргі кезде өзекті еместігімен байланыстырды. Алайда білім беретін кеңістіктер қызықты болу керек деген ойды басқа топтар жақтамады, өйткені олардың ойынша «білімді онлайн да алуға болады».

Жастар іспен айналыса алатын қоғамдық кеңістіктердің жоқтығы мен аздығы жастар арасындағы әлеуметтік мәселелерге де алып келеді. Мысалы, кейбір қатысушылардың достарының арасында қалада «баруға болатын жерлердің бәрін де көріп болғаннен кейін, үйде отырып, қалай да болса көңіл көтеру үшін ішімдікке салынатындары да» бар екендігін жасырмады. Сонымен қатар, қатысушылар жастар арасындағы жоғары көші-қон ынтасын қалада «бос уақытта көңіл көтеретін», тіпті «шаршағанда жай отырып бой жазатын жердің жоқтығымен» байланыстырады.

Жастар болашақтан не күтеді?

Зерттеу нәтижесі бойынша Атырау тұрғындарының жартысынан көбі – 56%-ы өз болашақтары сеніммен қарайтынын жеткізген. Өкініштісі, сауалнамаға қатысқан жастардың басым бөлігі – 32%-ы өз келешегін ойлағанда негативті эмоцияларды жиірек сезетінін, ал әрбір бесінші адам – 20% уайымдайтынын, 6%-ы көңілде қорқыныш ұялайтынын, тағы 6%-ы бейтарап күйде екендіктерін айтқан.

Сонымен бірге сауалнамаға қатысқан Атырау жастарының басым көпшілігі (59%) қаладан көшуге ниетті екендіктерін атап өткен. Мұндай пікірді қыздар, 14-16 және 21-23 жас аралығындағы жастар, мектеп оқушылары, жұмыспен қамтылған жастар, басқа этнос өкілдері, орыс тілді және екітілділер ұстанып отыр. Жастардың мұндай шешім қабылдауына үш негізгі себеп түрткі болған: өзін-өзі дамытуға жақсырақ жағдайларға ие болу (43%), ел көру, саяхаттау (37%), экологиялық жағдайы нашар ауданнан көшу (32%).

Қуантарлығы PaperLab орталығы ұсынған зерттеу нәтижелері Атырау жастарының рухани әрі материалды тұрғыда дамуына жол ашары сөзсіз. Зерттеушілер Атырау қаласындағы жағдайды мысалға ала отырып, Қазақстандағы жасөспірімдер мен жастардың әлеуметтік-психологиялық жайсыздықтарын анықтай алады. Бұған қоса сарапшылар мен практик мамандар бірлесе отырып, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар деңгейінде жасөспірімдер мен жастардың жұмысын жақсартуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салатын болады.

Суреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: