"Атырау - Орал" автожолының су басқан бөлігі жөнделіп жатыр

18 Маусым, 22:48 507

"Атырау - Орал" автожолының су басқан бөлігін қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталу сатысында тұр, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

"Атырау - Орал" республикалық маңызы бар автожолының 44 шақырымында жолды қалпына келтіру жұмыстарының 80%-ы аяқталды.

“Атырау-Орал” автожолын қайта қалпына келтіру жұмыстары осыдан бір апта бұрын басталған болатын. Аталған жолды толықтай аяқтауға 10 метрдей бөлігінде жұмыс қалды. Қалпына келтіру жұмыстары бір мезгілде екі жолақтан көлік жүретіндей етіп жасалуда. Жол уақытша қалпына келтіріліп, пайдалануға берілгеннен кейін, автожолдан жеңіл көліктер өте алады. Автокөлік құралдарының қауіпсіз және үздіксіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында автожол бір - екі күнде пайдалануға беріледі” деді “ҚазАвтоЖол” АҚ Атырау облыстық филиалы Пайдалану және қауіпсіздік бөлімінің бастығы Еркен Шералиев.

Оның айтуынша, қазір барлық учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Жолдың су шайған бөлігін уақытша қалпына келтіру жұмыстарына 23 техника және 30 адам жұмылдырылды.

Сонымен қатар, осы жолдың 56 шақырымында жолдың үстінен өтіп жатқан суды тоқтату мақсатында бөгеттерді орнату және нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Еске сала кетейік, “Атырау-Орал” автожолын қалпына келтіру жұмыстарын Атырау облыстық филиалы ҚазАвтоЖол АҚ мен бас мердігер " Қажсервис" компаниясы атқаруда.

Зарина Арман
Бөлісу: