Атырау облысындағы балық шаруашылығын дамыту қажет - Президент

8 Қараша 2022, 11:12 1624

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды El.kz

«Екінші. Облыстағы балық шаруашылығын дамыту қажет. Бұл – осы аймақтың экономикасында маңызды рөл атқаратын сала. Каспий теңізі мен Жайық өзенінде балықтың түр-түрі бар. Жыл басынан бері мұнда 12 мың тонна балық ауланды. Оны өңдеу және дайын өнім шығару ісі дамып жатыр. Дегенмен, балық шаруашылығын одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары.

Биыл Жайыққа 8,5 миллион шабақ жіберілді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Мемлекет қарамағында бекіре өсіретін екі зауыт бар. Осы кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген. Зауыттарды заман талабына сай қайта жаңғырту керек. Сондай-ақ, шабақ өсіретін жоғары технологиялы жаңа зауыттар салу үшін инвестиция тарту аса маңызды», - деді Президент.

Сондай-ақ балық қорын сақтау үшін браконьерлермен күресті күшейтуі керек екенін айтты.

«Жайық және Қиғаш өзендерінің тартылуы күрделі мәселе болып отыр. Қазір екі өзеннің сағасындағы судың тереңдігі – небәрі 30-40 сантиметр. Бұл жағдай бекіренің уылдырық шашуына кедергі келтіруде. Сондықтан, Үкімет осы өзендердің сағасын тереңдетуді қамтамасыз етуге тиіс.

Құзырлы мекемелер балық қорын сақтау үшін браконьерлермен күресті күшейтуі керек. Биылдың өзінде облыста осыған қатысты 2,5 мың әкімшілік және 52 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз ауланған 14 тонна балық тәркіленді. Өкінішке қарай, осындай заңсыздық тыйылмай тұр. Бұл – табиғатты қорғауға жауапты органдардың жұмысында олқылықтар бар деген сөз», - деді Президент.

Айта кетейік, Президент тәуелсіз ел ретінде аяққа нық тұруымызға Атырау тұрғындарының рөлі маңызды болғанын атап өтті. Сондай-ақ Атырау облысы мұнай өңдейтін орталыққа айналуға тиіс екенін айтты.

EL.KZ
Бөлісу: