Атырау облысында Сенат депутатын сайлауға үш кандидат қатысып жатыр

14 Қаңтар 2023, 12:12 1360

Атырау облысында Сенат депутатын сайлауға үш кандидат қатысып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйенсек, Атырау облысынан Сенат депутаттығына 6 адам өзін-өзі ұсынған. Кейін бес кандидат тіркелген. Оның арасында 1 әйел, 5 ер адам болған.

«Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттардың Конституциямен және Конституциялық заңмен қойылатын талаптарға сәйкестігін белгілеу жөнінде тиісті сұрау салулар жолдады. Соның нәтижесінде 5 кандидаттың сәйкестігі расталды. Ал, 1 кандидаттың сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмауына байланысты қойылатын талаптарға сәйкес келмеді», -деп мәлім етті сайлау комиссиясынан.

Сайлау туралы заңда белгіленген тәртіппен кандидаттар тіркелгеннен кейін облыстық аумақтық сайлау комиссиясы мемлекеттік кірістер департаментіне активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеруге сұрау салуды жолдаған. Соған сәйкес кандидат Ербол Иманғалиевтің декларацияны тапсыру кезінде өзі және зайыбы декларациялаған активтері мен міндеттемелері туралы мәлiметтердің анық еместiгiне, ал, Қанатбек Қасымғалиевтің жеке өтінішіне байланысты оларды тіркеу туралы шешімдердің күші жойылған.

«Бүгін Сенат сайлауында әр деңгейдегі мәслихаттардың 132 депутаты 3 кандидатқа дауыс береді. Кандидаттардың ішінде 1 әйел, 2 ер адам бар. Кандидаттардың 2-еуі – мемлекеттік кәсіпорын мен мекеменің, ал, 1-еуі – мәслихат аппаратының қызметкері. Олар заңгер, ауыл шаруашылығы және білім саласының қызметкері мамандығын алған. Олардың орташы жасы – 57-де», -деп мәлім етті сайлау комиссиясынан.

EL.KZ
Бөлісу: