Атырау облысында ҚХА-ның 25 жылдығын мерекелеуге арналған мәселелер талқыланды

28 Қаңтар 2020, 15:00 2691

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкеновтің төрағалығымен аймақтық Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім Кеңесінің үстіміздегі жылғы алғашқы отырысы өтті.

Кеңес мүшелері Ассамблеяның 25 жылдығын мерекелеу туралы және өңірдегі бірқатар мәселелерді талқылады.

Нақтырақ айтқанда, күн тәртібінде Қоғамдық келісім Кеңесінің жаңа құрамын бекіту, Атырау қаласы және аудандық Қоғамдық келісім Кеңестерінің мүшелерін Қоғамдық кеңестердің, қауымдастықтардың құрамына енгізу және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шараларды өткізу туралы маңызды мәселелер қаралды.

Атырау облысы ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы болып Нұржан Ермұханов тағайындалды.

Сонымен қатар отырыста кеңес мүшелеріне жергілікті маңызы бар әлеуметтік-экономикалық міндеттерді, Елбасының «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру аясында инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, Бизнесті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек» бағдарламалары мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жұмыс жүргізіп, шаралар қабылдауды ұйымдастыру тапсырмалары берілді.

Сондай-ақ, Кеңес төрағасы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына этномәдени бірлестіктердің қатысуымен облыстық және аудандық фестивальдар өткізіп, 1 наурыз күні облыс әкімімен 25 жылдыққа арналған шара Жылыой ауданыда салтанатты түрде жолданып және әр ауданда шаралар ұйымдастырылып, жылдың соңына қарай Атырау қаласында қорытындыланатынын жеткізді.

Отырыс соңында кеңес мүшелері осы және басқа да мәселелерге қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Бөлісу: