Атырау облысында бұқаралық спорт түрлері дамып келеді

6 Наурыз 2023, 15:29 6471

El.kz ақпарат агенттігі назарларыңызға өңірлердегі бұқаралық спортты дамытудың жай-күйі мен жетістіктері жайлы сұхбаттар ұсынады. Бүгін біз Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Байтілеуов Хангелді Мақсотұлымен әңгімелестік.

- Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығы қай кезден бері жұмыс істеп келеді?

Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2000 жылы Қазақстан Республикасының Прьемер-министрі болып тұрған кезіндегі Қаулысына сәйкес құрылды. Орталық 10 бағыт бойынша жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда мектеп пен колледждердегі спорт және дене тәрбиесі; алғашқы әскери дайындық; технологиялық  дайындық; мектеп туризмі: спорттық, экологиялық, өлкетану; сосын ерекше білімді қажет ететін балалар арасындағы әзірліктер; сондай-ақ мұғалімдерге біліктілік арттыру курстарын өткіземіз және ғылыми-әдістемелік оқу құралдары бар, ақпараттық технологияларды әзірлеу және енгізу, мониторинг жасау. Осы орталықтың қалыптасуына Садиржан Жекеновтың сіңірген еңбегі зор. 20 жылдай ұжымды басқарды. Жақында ғана зейнеткерлікке шықты.

- Өңірдегі балалар мен жасөспірімдердің спорт түрлеріне деген қызығушылығы қалай?

Атырау облысында бұқаралық спорт түрлері өте жақсы дамыған. Осы ретте Атырау аймақтық дене тәрбиесі орталығы көптеген спорттық жарыстар ұйымдастырады. Бұған мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысып отырады. Мысалы, «Ұлттық мектеп лигасы» бойынша мектепішілік іріктеу кезеңдерін өткіземіз. Осы іс-шаралардың өтуіне ықпал етеміз, бұйрықтар шығарамыз. Кейін топтық кезеңнен өткен мектеп оқушылары қалалық кезеңде бақ сынайды. Ол жерде жеңімпаз атанғандар облыстық кезеңге өтеді. Өңірлік додада 8-9 команда қатысады. Сондықтан мұндай жарыстарға барлық мектептер қатысады. «Ұлттық мектеп лигасынан» басқа да сайыстар өткіземіз. Олар да түрлі кезеңнен тұрады. Біздің аймақта кеңінен таралған спорт түрлеріне  волейбол, баскетбол, футзалды жатқызуға болады. Бұл тізім бұдан да көп болар еді. Өкінішке қарай, біздің мектептерде базалық мәселелер бар. Мысалы, мектептерде үлкен футбол алаңдары жоқ. Неге десеңіз? Салынбаған. Сондықтан база болмаған соң, кей спорт түрлері дамымай тұр. Спорт залдардың стандарттарға сәйкес келмеуі қиындық туғызады.

Әр ауданда балалардың дене шынықтыруға баулу мақсатында құрылған клубтар жұмыс істейді. Атырау қаласында мұндай екі клуб бар. Солар топтық кезеңнің жарыстарын ұйымдастырып отырады. Сондай-ақ олар әрбір мектептерге секция беріп отыр, яғни үйірме сағаттарын бөледі. Бұлардың нәтижесі де жоқ емес. Бір мысал келтірейін. Хамит Ерғалиев атындағы № 35 мектеп-гимназиясында оқыған бес қыз оқушы кездерінде жасөспірімдер клубының үйірмесіне қатысып жүретін. Қазір олар университеттің 2-курс студенттері. Сол қыздар Атырауда ашылған әйелдер арасындағы воллейбол академиясының жоғары лигасына өтті. Мектеп табалдырығында жүріп жиған тәжірибелерінің нәтижесінде олар 300 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бұл да болсын мектеп оқушыларының спортқа ұмтылысының жаман болмағанын байқатса керек.

- Мектеп оқушыларын спортпен шұғылдануға ынталандыру үшін не істеу керек?

Бүгінде «Ұлттық мектеп лигасының» өз деңгейі қалыптасты. Республикалық деңгейдегі кезеңге кем дегенде 17-18 команда қатысады. Лиганың арқасында еліміздегі кез келген мектептің командасы республикалық деңгейде де өнер көрсете алады. Әрине, ол үшін іріктеуде мықтылық танытуы шарт. Десе де мектеп оқушыларын бұқаралық спорт түрлеріне қызықтыру үшін аталған лиганың жеңімпаздары жоғарғы оқу орнына ақылы түрде түскен болса, олардың оқу ақысына 50 % жеңілдік жасалса, гранттар берілсе деймін. Тіпті сондай үздік оқушыларға салалық министрліктен алғыс хаттар жиі табыс етіліп отырса жақсы болар еді. Онысы кейін оқуға түскенде де талапкерге артықшылық болып саналуы мүмкін. Әрі оқушылар өздерінің аймағын, өңірін танытады. Міне, сондықтан облыс әкімдіктері де қолдау білдіріп отырғаны жөн. Сол кезде спортқа әуес, ынтасы зор жеткіншектердің қарасы бүгінгіден де көп болады.

Лига күн сайын жанданып келе жатыр. Біздің өңір аталған лигада кейінгі жылдары сәтті өнер көрсетіп келеді. Мысалы, былтыр біздің оқушыларымыз республикада баскетболдан екінші орын иеленді. Сондай-ақ Индер ауданы Шоқан Уәлиханов мектебінің қыздары гандболдан бірінші орын алды. Бұл Атырау облысы үшін тарихи оқиға. Бұл ретте дене шынықтыру пәні мұғалімінің еңбегін атап өтпеске болмас. Осы орайда ауылдық жерлердегі спорттың дамығанын айта кетейін. Ал қалалық оқушыларды кінәлай алмаймыз. Өйткені мұнда көп мектептер базалық деңгейде жарақтандырылмаған. Әрі екі немесе үш ауысыммен оқытатын мектептерде қосымша дайындық жүргізу өте қиын.

- Пандемия кезінде «Ұлттық мектеп лигасы» жарыстары тұралап қалғаны жасырын емес. Қазіргі жағдай жайлы айтып берсеңіз.

Коронавирустың өршіген тұсында Қазақстан бойынша лига ойындары тоқтатылғаны рас. Пандемиядан кейін спортқа оралған жасөспірімдердің қабілеті де бұрынғы дәрежесінен түсіп кеткені байқалды. Сондықтан біз қаладан ортақ база жасақтап, оқу-жаттығу ұйымдастырдық. Зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Құдайға шүкір, нәтиже жаман емес. Былтыр лига ойындарына 110 мың оқушы қатысты.

- Өңірдегі бұқаралық спортты дамытуда орталыққа қандай мекемелер немесе ұйымдар қолдау білдіреді?

Бізді қаржыландырып, үнемі қолдау білдіретін Білім басқармасы. Содан кейін облыстық Спорт басқармалары да қол ұшын созуға даяр.

- Орталықтың жұмысын жетілдіруге кедергі болатын қандай мәселелерді атар едіңіз?

Спорт зал, спорт алаңдары жеткіліксіз. Мысалы, орталық ретінде өзіміздің жарыс өткізетін орынымыз болса деген арманымыз бар. Әрине, облыс бойынша шығармашылық орталығымыз бар. Бірақ ол жер басқа мақсатта пайдаланылып отыр...

- Былтырғы жұмыстарыңызға есеп бере кетсеңіз.

2022 жылы біз облыс бойынша 170 шара өткіздік. Сондай-ақ республикалық жарыстардың 30 %-ына қатыстық. Егер облыстан қаражат бөлінгенде бұл көрсеткіш мұншалықты төмен болмас еді. Лигадан бөлек, гимназияда мен студенттер жарыстарына жастарымызды жібере алмадық. Жыл сайын қаражат мәселесі алдымыздан шығады. Облыстық деңгейге дейін іріктеу жасап, жеңімпазды анықтаймыз. Бірақ оларды республикаға жібере алмаймыз. Облыс тарапынан осы мәселе қашан шешілетінін білмеймін. Соған қарамастан оқушылар мен студенттер өз қаражаттарымен, ата-аналарының және демеушілердің қолдауымен республикада бақ сынады. Көбі жеңіспен оралды.

Айтпақшы, айтуды ұмытып барамын, «Жас сарбаз», «Айбын»  секілді әскери-патриоттық іс-шаралар да өткізіп тұрамыз. Мұның бәрін ата-аналар мен оқушылар сайтымыз бен әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи алады. Ерекше білімді қажет ететін балалар да назарымыздан тыс қалған емес. Оларды да мүмкіндігінше спортқа баулимыз. Олардың да жетістіктері көп. Халықаралық дәрежеде жүлдегер атанып жүргендері де бар.  Жыл сайын соларға арналған 7-8 жарыс ұйымдастырылады.

 

Жанболат Кенжеғұл
Бөлісу: