Атырау облыстық ҚХА мүшелері «Мәдени саяхат» жобасы аясында Қазан қаласына барды

25 Маусым 2019, 10:04 2647

Атырау облысының Қазақстан халқы ассамблеясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мәдени саяхат» жобасын жүзеге асыруда. Осыған орай, ағымдағы жылдың 20-25 маусым аралығында Татарстан республикасының Қазан қаласына сапарға аттанды.

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, ауқымды шараның мақсаты - Татарстан халықтары Ассамблеясы мен Бүкіләлемдік татарлар конгресімен кездесу, Бұлғар қалашығының тарихи-мемориалдық кешеніне, Қазан қаласының ескерткіштері мен көрікті жерлеріне бару, Сабантой республикалық халық мерекесіне қатысу.

 

Маусымның 21-де Атырау облысынан 30 адамнан тұратын делегация, Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласындағы «Халықтар достығы» үйінде кездесу өткізді. Атыраулықтарды Қазақ ұлттық мәдени автономиясының төрағасы Сағит Жақсыбеков, Татарстан республикасының мәдениет министрлігі және Татарстан халықтары Ассамблеясының атқарушы комитет кеңесінің басшысы Николай Владимиров құрметпен қарсы алды.

Кездесу барысында «Елсана» руханият клубы мен Татарстан Республикасындағы Қазақ мәдени автономиясы арасында болашақта достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.


1993 жылдан бастап 15 жылдай Татарстан Республикасының халықтар Ассамблеясы кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, сонымен қатар 25 жылдай Қазақ ұлттық мәдени автономиясының төрағасы қызметін атқарып келген Сағит Жақсыбеков қазақ еліне деген сағынышты сәлемін жеткізді.

Татулығы жарасқан Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен Татарстан халқы ассамблеясының және Қазақ мәдени автономиясы өкілдерімен кеңінен сұқбаттасқан атыраулықтар қандас бауырларымызға Қазақ елінің сәлемін жолдап, ұлттық өнерімізді көпшілікке тарту етті.

Залда отырған көрермендердің ішінен қазақ жерінде дүниеге келген Семей өңірінің тумасы Рафаиль Гильманов татар халқының мәдениеті мен тілін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды сақтауда атыраулықтардың осындай сый-құрметіне ризашылық сезімін білдірді.

Одан әрі екінші күні делегация мүшелері Қазан қаласынан 200 км жерде орналасқан Бұлғар қалашығындағы тарихи-сәулет мұражайында болып, киелі жерлерді  аралап, көне шаһардың тарихымен танысты. Бұлғар қалашығындағы ескерткіш кесенеде орналасқан салмағы 800 кг, 632 беттен тұратын дүние жүзіндегі ең үлкен Құран Кәрім кітабын, Ақ мешіттің ішін тамашалады.

Бөлісу: