Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы директоры жұмысына қайта оралды

22 Маусым, 11:18 474

Астана соты Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-директорын жұмысқа алуға шешім шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Ғалымжан Жусанбаевтың құқығы қорғалды.  

«Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Ж.-ның қатысушылардың кезектен тыс жалпы жиналысының хаттамасын, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың жарамсыз деп тану, бас директор лауазымын қалпына келтіру, мәжбүрлі жұмыстан шығу уақыты үшін жалақыны өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты талабын қарады. Талап қою еңбек шартының сынақ мерзімінде және қызметкердің уақытша еңбекке жарамсыздық кезінде бұзылуымен негізделді. Сотпен еңбек шартының талаптары бойынша талапкерге 6 ай сынақ мерзімі белгіленгені, алайда шарт 1 ай өткеннен кейін бұзылғаны анықталды. Осы құқықтық қатынастарға еңбек заңнамасы қолданылады», -деп хабарлады соттан.

Еңбек кодексінің 36-бабына сәйкес, еңбек шартында жұмыскердің тапсырылатын жұмысқа біліктілігінің сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі туралы талап белгіленуі мүмкін.

Осы кодекстің 37-бабына сәйкес, жұмыскердің сынақ мерзімі кезеңіндегі жұмысы теріс нәтиже берген кезде жұмыс беруші оған еңбек шартын бұзуға негіз болған себептер көрсетілген хабарлама беріп, онымен еңбек шартын бұзуға құқылы.

Бұл жағдайда қызметкер сынақ мерзімінде жұмыстың теріс нәтижесі болмасада ешқандай себепсіз жұмыстан босатылды. Сот шешімімен талап қанағаттандырылды. Сот жауапкермен қызметкердің сынақ мерзіміндегі біліктілігіне сәйкес еместігі дәлелденбегендіктен талапкердің құқықтары бұзылған деп таныды. Еңбек шарты жұмыстан шығару рәсімін бұза отырып күшін жойған. Еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты жарамсыз деп тану, Ж.-ның бас директор лауазымын қалпына келтіру туралы шешім шығарылды. Мәжбүрлі жұмысқа келмегені үшін жалақысы және 100 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу өндірілді, - деп мәлім етті соттан.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: