Атырау әуежайындағы жаңа аэровокзал кешенінің құрылысы қашан аяқталады

9 Қыркүйек, 22:12 360

Хиуаз Доспанова атындағы Атырау әуежайының жаңа аэровокзал кешенінің құрылысы 2026 жылы аяқталады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың Атырау облысына жұмыс сапары барысында белгілі болды. Құрылымдық сала басшысы әуе айлағын аралап, нысанның қазіргі жағдайын тексерді. Осылайша, катарлық инвестор 2025 жылдың басында жаңа әуежай кешенінің құрылысын бастайды және инфрақұрылымды толық жаңғырту мен кеңейтуді, сондай-ақ қазіргі әуежай ғимаратын жаңартуды жүзеге асырады. Осы мақсаттар үшін шетелдік инвесторлар шамамен 50 миллион доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

Жаңа аэровокзал кешенінің ауданы 16.500 шаршы метрді құрайды. Инвестор нысанды 3 жаңа телескопиялық траппен жабдықтайды.

Атырау қаласы Жайық өзенінің бойындағы Шығыс пен Батыстың түйіскен жерінде орналасқандықтан, ғимараттың негізгі келбеті ортағасырлық Сарайшық қаласын еске салатын шығыс мәдениетінің стилінде салынады деп күтілуде. Ғимараттың перронға қарайтын беті витражды терезелермен батыстық стильде минимализм стандартында салынады. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде әуежай арқылы аптасына 7 бағытта (Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Ақтөбе, Орал және Тараз) 89 ішкі тұрақты рейстер орындалады. Сонымен қатар, аптасына 6 бағыт бойынша 21 халықаралық тұрақты рейстер (Кутаиси, Амстердам, Стамбул, Анталия, Шарм-эль-Шейх, Мәскеу) орындалуда.

Құрылыс жұмыстары аяқталған соң жолаушылар ағыны жылына 800 мың жолаушыдан шамамен 2 944 мың жолаушыға дейін өседі деп күтілуде.

Сондай-ақ, ұшулар кеңістігін айтарлықтай кеңейту жоспарлануда. Ең алдымен Еуропа мен Азияның танымал туристік бағыттарына жаңа рейстер ашылады. Бұл жолаушыларға бағыттарды кеңірек таңдауға және аймақтың халықаралық көлік қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Перизат Саденова
Бөлісу: