ҚАТТЫҚАНАТТЫЛАР

31 Тамыз 2014, 08:42

ҚАТТЫҚАНАТТЫЛАР, қоңыздар (Coleoptera) – жәндіктер класының ең ірі отряды. Қ-дың қазба қалдықтары пермь кезеңінің шөгінділерінен табылған, ал юра кезеңінде, олардың осы кездегі тұқымдастарының өкілдері пайда болған

ҚАТТЫҚАНАТТЫЛАР, қоңыздар (Coleoptera) – жәндіктер класының ең ірі отряды. Қ-дың қазба қалдықтары пермь кезеңінің шөгінділерінен табылған, ал юра кезеңінде, олардың осы кездегі тұқымдастарының өкілдері пайда болған. Қ. жер шарында, әсіресе, тропиктік аймақтарда кең тараған. Бұлар Антарктидада, Арктиканың мұзды белдемі мен биік тау шыңдарында ғана кездеспейді. 140-тан аса тұқымға бірігетін, 300 мыңдай түрі белгілі. Қазақстанда 20 мыңнан аса түрлері кездеседі. Денелерінің ұз. 0,3 мм-ден 155 мм-ге дейін. Екі жұп қанаттарының бір жұбы мүйізденіп, қанат жүйкелері жойылып, қатты элитра деп аталатын үстіңгі қатты қанатқа айналған (отрядтың аты да осыдан). Ол, негізінен, қорғаныш қызметін атқарады. Қанатының екінші жұбы жарғақты, біріншісінен ұзындау, тыныштық қалыпта ұзынынан және көлденеңінен бүктеліп үстіңгі қанаттарының астына жиналып орналасады. Ұшар алдында үстіңгі қанаттары көтеріледі де, астынан екінші жұп жарғақты қанаттары жазылып шығады. Қ-дың үстіңгі қанаттары әдетте құрсағының ұшына дейін жетіп құрсағын толығымен жауып тұрады. Кейбір тұқымдастарда, мыс., дәнек қоңыздарда (Bruchіdae), тақтамұрттыларда (Scarabaeіdae) құрсағы элитралармен толық жабылмай ашық қалады. Кейде, қанат үсті өте қысқа, ал артқы қанаттары соның астына бірнеше рет қабатталып жиналып тұрады, мыс., стафилиндер немесе қысқақанаттыларда (Staphylіnіdae); ал қараденелілер (Tenebrіonіdae) тұқымдастарының өкілдерінде үстіңгі қанаттары бір-бірімен бірігіп кеткендіктен ұша алмайды. Үш жұп аяқтары жүруге, жүгіруге бейімделген. Бірақ кейбір түрлерінде мыс., тақтамұрттылар тұқымдасының өкілдерінде алдыңғы жұп аяқтары қазуға, жүзгіш қоңыздарда артқы жұп аяқтары жүзуге бейімделген. Жұп мұртшалары және фасетті көздері жақсы дамыған. Қ-дың көпшілігі қара түсті болып келеді. Кейбіреулерінің түсі жылтыр қара, көк-күлгін, әр түрлі жылтыр түсті, қоңыр. Бұлар толық түрленіп дамиды, яғни жұмыртқа, (дернәсіл), қуыршақ сатысынан өтіп ересек түріне айналады. Дернәсілі құрт тәрізді, ақ түсті, жақсы дамыған басы және үш жұп кеуде аяқтары бар. Қуыршақтары ашық түсті. Қоңыздар – даражыныстылар, кейбір түрлерінде жыныс диморфизмі айқын көрінеді. Қоңыздардың көпшілігі жылына бір рет, кейде 2 – 3 ұрпақ береді. Қ-лар отряды екі отряд тармағына бөлінеді: ет қоректілер және көп қоректілер. Ет қоректілердің (Adephaga) көпшілігі жыртқыштар, үш жұп аяқтарының табандары 5 бунақты, артқы аяқтарының жамбас бөлігі ұзын, құрсағының бірінші сегментін жауып тұрады. 8 тұқымдасы бар. Қазақстанда – 6 тұқымдасы белгілі. Негізгі тұқымдастары: сүңгуір қоңыздар (Dytіscіdae), кіші су сүңгуіршілер (Halіplіdae), су айналмалылар (Gyrіnіdae), барылдауық қоңыздар. Көп қоректілердің (Polyphaga) – артқы аяқтарының жамбас бөлігі қысқа, қозғалмалы қоңыздар. Үш жұп аяқтарының табандары әр түрлі бунақты. Негізгі тұқымдастары: жапырақ жемірі, тақтамұрттылар, шыртылдақ қоңыздар (Elaterіdae), бізтұмсық қоңыздар, қара денелілер (Tenebrіonіdae), дәнек қоңыздар (Bruchіdae), мұртты қоңыз (Cerambycіdae), қабық қоңызы, т.б. Қ-лар өте алуан түрлі және барлық жерде кездеседі. Олардың арасында жыртқыштары, өсімдік қоректілері, сапрофагтары, некрофагтары және құрлықта, топырақта, суда тіршілік ететін түрлері бар. Көпшілігі а. ш-ның, орман ш-ның зиянкестері, сонымен қатар қоңыздар шіріген заттарды (сапрофагтар), зиянды жәндіктерді (жыртқыштар) жеп көп пайда келтіреді және табиғаттағы зат алмасуында маңызды орын алады.

К. Дәуітбаева

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу: