Аткинсонның ұрпақтары Қазақстанға келді

26 Шілде 2016, 05:04

Ерекше кездесу

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі британ жазушысы, Ник Филдингтің «South to the Great Steppe: The Travels of Thomas and Lucy Atkinson in Eastern Kazakhstan, 1847-1852» атты кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге британ саяхатшысы Томас Аткинсонның шөберелері Пол Далквист, Белинда Браун, Филиппа Смит, Роуз Уайтхед және басқа да отбасы мүшелері қатысты.

Ник Филдинг Томас Аткинсонның ХІХ ғасырда қазақ жеріне 1847-1852 жылдары жасаған саяхатының тарихын өз кітабында егжей-тегжейлі баяндаған. Кітапханада ұйымдастырылған шарада Ник Филдинг британ саяхатшысының өмірін слайд арқылы баяндап, тыңдармандар толыққанды ақпаратқа қанықты.

Томас Аткинсон 1799 жылы Йоркшир қаласында өте кедей отбасында дүниеге келген. Томас жастайынан сәулет өнеріне бейім болып, әкесі оны осы өнерге баулыған екен. Ник Филдинг оқырмандарға Аткинсонның Манчестер, Лондон, Йоркшир қалаларында салған банк, шіркеу, обсерваториялардың суретін көрсетті. Сондай-ақ, Ник Филдинг ерлі-зайыпты Аткинсондар қазақ жерінде тұрған кезде танысқан би, сұлтан, әкім, құсбегілер туралы да тың мәліметтер айтты.

Белгілі саяхатшы Томас Аткинсон мен оның жары Қапал аймағында тұрған кезде ұлды болып, оның атын Алатау Тамшыбұлақ деп қойған екен. Алатау Тамшыбұлақ өз өмірін журналистика саласына арнаған. Ол өз аймағында жеке кәсіп ашқан алғашқылардың бірі болды.

Алатау Тамшыбұлақтың алыстан ат терлетіп келген бауырлары, Томас Аткинсонның ұрпақтары өз аталарына құрмет көрсеткен барша қауымға алғысын жаудырды. Олар осыдан бірер күн бұрын ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің, содан соң, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешовтің қабылдауында болды.

Зерттеушінің ұрпақтары өздерінің аталары зерттеп кеткен қазақ жерімен танысу мақсатында келді. Астана сапарынан соң, олар Алматыға аттанады.

Бір айта кетерлігі, бұл кездесуді ҚР Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландияның Біріккен корольдігіндегі елшілігі мен ҚР ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырды. Шара барысында Ұлыбритания кітапханаларындағы Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты қолжазбалар мен құжаттарды зерттеу, тарихи құжаттардың көшірмелерін алу, Ник Филдингтің кітабын қазақ және орыс тілдеріне аударып, оқырмандарға таныстыру мәселелері сөз болды.


Жансая ТӨЛЕГЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Бөлісу: