Атбасарда су тасқынының қаупі сейілді

10 Сәуір, 08:33 435

Атбасар қаласында су тасқынының алдын алу мақсатында қабылданған шаралардың арқасында ахуал тұрақталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

4-6 сәуір аралығында Жабай өзені арқылы 400 миллион текше метрден астам су өткен. Су деңгейінің ең жоғары көрсеткіші 4 сәуірде тіркеліп, 5,1 метрге дейін жетті. Бүгінде бұл көрсеткіш 3,6 метрді құрайды, бұл қауіпті шектен әлдеқайда төмен болып отыр. 

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қаладағы су тасқыны жағдайын жеке өзі барып танысып, атқарылған жұмыстарды бағалады. Аймақ басшысы өткен жылдан басталған жүйелі дайындықтың арқасында, биыл судың көлемі әлдеқайда артқанына қарамастан, қаланы су басу дерегі тіркелмегенін атап өтті.

Жабай өзенінің арнасын кеңейту, түбін тереңдету және жағалауды нығайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Биыл өзен арқылы өткен су көлемі былтырғыдан 100 миллион текше метрге көп болды, соған қарамастан елді мекендерді су басқан жоқ. Қазір өзен арнасының ені 60 метрге дейін кеңейді, жазда бұл көрсеткішті 120 метрге жеткізу жоспарланып отыр. Өзен түбі 5–6 метрге дейін тереңдетілуде. Бұл жұмыстар тек Атбасар үшін ғана емес, Жабай өзенінің бойындағы барлық ауылдар үшін маңызды, - деді Марат Ахметжанов.

Алдын алу шараларының қатарында – каналдарды тазарту, дамбаларды нығайту, үш жаңа су өткізу нысанын салу, өзен арнасында өскен жабайы өсімдіктерді тазарту, түбін тереңдету және арнасын кеңейту жұмыстары бар. Қазіргі таңда мердігер ұйым жоспарланған жұмыстың шамамен 15 пайызын орындады. Аталған жұмыстарға 34 техника тартылған: экскаваторлар, бульдозерлер мен жер қазғыш құралдар.

Сонымен қатар, №1 мектеп маңында өзен арнасын түзеу жұмыстары басталады. Бұл да су тасқыны қаупін төмендетеді. Аталған аумақта болашақта жағажай мен саябақ салынады. Жобаны 2026 жылдың көктемінде аяқтау жоспарланып отыр. «Целингидротех» ЖШС-нің мәліметінше, келесі аптада қосымша техника жеткізіледі.

Атбасар ауданының әкімі Кеңеш Әлімжановтың айтуынша, биыл тұрғын үй аулаларынан қар шығару жұмыстары күшейтілген. 2024 жылы қар тазалауға қатысты 1200-ден астам өтініш келіп түскен болса, биыл бұл көрсеткіш бар болғаны – 42.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: