Атбасарда сотталған азаматты ұрып-соққан 11 қызметкер жұмысынан шығарылады

8 Қыркүйек 2023, 18:10 689

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасының қатысуымен дөңгелек үстел өтті,  деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Ақмола облысындағы Атбасар қаласының түзеу колониясында сотталушыны түзеу мекемесінің қызметкерлері ұрып-соғып жатқаны жөнінде бейнежазба таралған болатын.

Өрескел жайтқа қатысты ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов түсініктеме берді.

Төрағаның сөзінше, қазір бұл іске қатысты арнайы прокурор сотқа дейінгі қылмыстық тергеу жүргізіп жатыр. Қорытындысы шыққан бойда арнайы шешім шығатын болады.

Бейнежазбаны мұқият зерттедік. Қызметкерлеріміз барып, мән-жайды анықтады. Қызметтік тергеу жүргіздік. Бұл жерде ұрып-соғу бойынша өз өкілеттіктерінен асып кету болды. Осыған қатысы бар 11 қызметкердің 9-ы бірден жұмыстан шығарылатын болады. Ал екі қызметкер бүгінді таңда ауруханада, ауруханадан шыққан бетте жұмыстан бірден қуылады, - деді ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов.

Сондай-ақ, ол сотталған адамның тарапынан белсенді қарсылық болмағанын тілге тиек етті. Алайда заңды талаптың орындалмауы болғанын айтты. 

ҚР ІІМ ҚАЖК бірінші орынбасары Сағат Мәдиевтің сөзінше,  жәбірленуші Атбасар қаласының ортаншы қауіпсіздік түзеу мекемесінде. 

Қазіргі уақытта сотталушымен прокуратура тергеу жұмысымен айналысып жатыр. Қазіргі жағдайы маған белгісіз. Оқиғадан кейін ол ауруханаға жатқызылған жоқ,- деді Сағат Мәдиев.

Айта кетейік, бүгінде ҚАЖК жүргізілген қызметтік тергеу нәтижелері бойынша тәртіптік комиссияның шешімімен Ақмола облысы бойынша ҚАЖД бастығы және оның орынбасары, сондай-ақ колония бастығы атқаратын лауазымдарынан шеттетуге ұсынылды.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: