2 ақпан Астанадағы Ұлттық теннис орталығының корттарында атақты қазақстандық теннисші Александр Недовесовты Қазақстан құрамасынан салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
37 жастағы қазақстандық спортшы өз мансабын туған жерінде, жергілікті жанкүйерлерінің алдында ресми түрде аяқтады. Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев Александр Недовесовтың елімізде теннистің дамуы мен танымал болуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Салтанатты рәсім барысында Александр ата-анасына, отбасына, федерацияға, командадағы әріптестеріне және әрине, жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
Ең алдымен, мені әрдайым қолдап, маған сенім артқан отбасым мен ата-анама алғыс айтқым келеді. Қазір мен жүріп өткен жолыма еш өкінбей, мансабымдағы маңызды жетістіктерді есіме алып, осы сәтке жеттім. Қазақстан құрамасының сапында қол жеткізген жеңістерім – мен үшін ұмытылмас сәттер. Менің бүкіл мансабым бойы сенім білдіріп, қолдау көрсеткен жанкүйерлеріме рахмет!, – деді Александр Недовесов өз сөзінде.
Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жылдары Александр 2024 жылы Париждегі Жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. 2014 жылғы Азия ойындарында командалық жарыста алтын медаль жеңіп алды, ал 2018 жылғы Азия ойындарында микстте қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, Александр ATP 250 санатындағы үш жұптық турнирдің чемпионы.
2014 жылы ол әлемдік ATP рейтингісінде жекелей сында ең жоғарғы көрсеткішіне қол жеткізіп, 72-орынға көтерілді. Ал 2024 жылы жұптық сында 38-орынға жайғасты. Қазақстан құрамасы сапында «Дэвис кубогында» Александр Недовесов 2014 жылдың 5 сәуірінде Швейцарияға қарсы ширек финалда дебют жасады. Сол ойында ол Андрей Голубевпен бірге 2008 жылғы Олимпиада чемпиондары, атақты Роджер Федерер мен Стэн Вавринканы жеңді. Жалпы, Қазақстан құрамасы үшін Александр «Дэвис кубогында» 28 матч өткізіп, оның 22-сін жұптық, 6-уын жекелей сында ойнады.