Атаққа сахнаны аяғымен былғап, аузымен ластаған әншілерді жолатпаған жөн - Бекжан Тұрыс

2 Қараша 2023, 15:50 51051

Танымал актер Бекжан Тұрыс "Қазақстанның Халық әртісі" атағына кімдер лайық екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

Актер Instagram парақшасында жазба жариялап, өнер адамдарына үндеу жасап, талантсыздарға тұсау салу керегін айтқан.

“Қазақстанның Халық әртісі" атағы қайта берілетін болды” деген әңгіме шыққанда Әбиірбек Тінәлиевтің бейнесі көлбең ете қалғаны рас. Өнер – табиғат. Ол да көктейді. Бүршік атады. Ол баптағанға байланысты. Бағбанның пейіліне, күтушінің көңіліне тәуелді. Ұлы өнерді жасайтындар да солай, елінің ескергенін, еңбегінің еленгенін қалайды. Бірақ өздігінен өзеуреп алға ентелемейді. Ешқашан… Мен оның әндерінің “шаң басқан архивтерде” қалмайтынын білем, өйткені жылда желтоқсан айының бір күнінде “Желтоқсан желі” әр қазақтың ішіне “кіріп” бойын жылытып, рух сыйлап өтеді. Сахналардан көрінбей-ақ, қалың көрерменнің алдына шықпай-ақ ӘН болып оралады. 37 жылдан бері солай! Ендеше, “Қазақстанның Халық әртісі” деген атаққа Әбиірбек Тінәлиев лайық, - деп жазды актер.

Айтуынша, ондай киелі атаққа сахнаны аяғымен былғап, аузымен әбден ластап өнердің қадірін кетіріп, құтын қашырғандарды жолатпаған жөн.

Беті жылтырап экраннан түспейтіндерді емес, тасада қалған Әбиірбектей дарындардың шығармашылығын бағалап, марапаттайық. Талантсыздарды тұсауламасақ, жылқы мен есектің қатар тұрғаны көрер көзге де сүйкімсіз көрінетіні белгілі. Ендігі жерде өнер адамдары соған абай болуымыз керек. Арсыздарға бәрібір болғанымен, арлы адамдар биікке ұмтылатын да кез жетті. Ессіздер алға шығып, естілер кейін қалған кезеңді артқа тастар уақыт келді ғой деп ойлаймын, – деп реніш білдірді. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: