Ұлы адамдардың қызық дағдылары

18 Мамыр 2018, 09:21 13557

Ал сізде қандай дағды бар?

Шығармашыл тұлғалардың қызықты әдеттерінің бар болғанына қатты таң қалудың қажеті жоқтай. Бірақ, кейбіреулерін қызықтыратын нәрселер шынымен бас шайқатарлық. Мәселен, Шиллерді шіріген алманың исі шабыттандыратынын біліп пе едіңіз? Ал Агата Кристи тағы бір қылмысты жазып шығу үшін тоқтамай алма жеген.

Ақын Эрнст Ледерер ашықтау көк сиямен жақсы қағазға ғана жазыпты. Әрине, ақын-жазушылардың ондай қағаз бен қаламсапқа аса мән беруі қалыпты жайт шығар. Ал басқа да қызықты, адам таңғаларлық дағдыларына қарап, оларды «біртүрлі адамдар» деуге толық негіз бар. Бірақ, сол ерекшеліктері олардың керемет дүние жасауына ықпал еткен де болар, кім біледі?!

Чарльз Диккенс

Ағылшын тілді ең атақты жазушы Чарльз Диккенстің кітаптары бұл күнде шаң басып жатпағанына толық кепілдік береміз. Сондай атақты адамның өте қызықты әдеті болған екен. Қандай дейсіз ғой? Ол мәйітхананы ұнатқан. Қызық! «Мені мәйітханаға  тартып тұратын бір күш бар» – деп жазады Диккенс. Чарльз өзі барған барлық қаланың мәйітханасын аралап шыққанына күмән келтірмейміз. Жай ғана аралап шықпай, жазушы онда бірнеше сағаттап, қайтыс болғандардың денесіне үңіліп отыратын болған. Ол бұл сезімін «жиіркенішті нәрсеге тартылыс» деп баяндайды. Жазушының тағы бір дағдысы әр жазған 50 қатар мәтіннен соң, ыстық суды ұрттап отырған.

Роальд Даль

Парадокстың шебері, ағылшын жазушысы, әрі ертегі құрастырушы Роальд Даль жалғыздықта жұмыс істегенді жақсы көрген. Сондықтан жазушы шабыты келгенде «ұяшық» деп атайтын үй ауласындағы сарайына кетіп қалатын болған. Оның «ұяшығында» тек кресло тұрған, ал жазу жазатын үстел туралы айтылмайды. Себебі, жазушы сызық-сызық сары блакнотқа қарандашпен тура тізесіне қойып жазып отырыпты. Міне, тағы бір қызық!

Вирджиния Вулф

Тағы сол ағылшындық жазушының біріне тоқталамыз. Вулф «белгілі бір шығарма жазғалы тұрған кез келген әйелдің құралы мен жеке бөлмесі болуы керек» – дейді. Жазушы-модернистің бір ерекшелігі  түс болған. Яғни, сиялардың түрлі-түстілігі. Эрнст Ледерер секілді Вирджиния алуан түрлі қаламсаптарды пайдаланған. Жасыл, көк, қызыл.... Ал ең сүйікті түсі – күлгін түс. Сондай-ақ, жазушы тік тұрып жазады екен. Жазу үстелі ретінде кішігірім тапсырыспен жасалған мольбертті пайдаланған.  

Антон Чехов

Орыстың ұлы жазушысы, драматург Чехов өте талапшыл жан болған. Егер бір шешім шығарса, соны қалайда орындайды екен. Оны ешкім жолынан қайтара алмаған. Сондай-ақ, ол ұқыпты, мұнтаздай таза болған кісі. Оның бөлмесінде әрбір зат өз орнында тұрған. «Адамда барлығы тамаша болуы керек: бет-әлпеті, киімі, жан дүниесі, сол сияқты ойы да» – дейді Чехов. Антон Павлович ауыр сырқатына қарамастан үйіне келген қонақты ешқашан жатын киімімен қарсы алмаған. Сол сияқты жазуға отырғанда да жақсы костюм киген.

Генри Миллер

«Жазушылық туралы ойлану» атты кітабы арқылы біраз шуға қалған Генри Миллер мынандай ойларымен бөліседі: тек бір шығармамен айналыс, оны аяқтамайынша басқасын бастама; жаңа нәрсе тудыра алмасаң, еңбектен; жазушылық – бірінші орында, басқасын кейінге қалдыр; бірақ, адам боп қалу керек, достарыңмен кездес, әртүрлі орындарға бар, қаласаң іш. Осыған байланысты Миллер күнделікті таңертең және түскі астан соң, жазуға отырған (тек көңіл-күйі жақсы болғанда, ал болмаса өзіне бірнәрселерді түртіп қана уақыт өткізген). Ал кешкілік достарымен кездесіп, көңіл көтеріп, қыдырған, кейде сурет салған.

Агата Кристи

Детектив жанрының шебері, әлемнің жүздеген тілдеріне аударылған 78 романның авторы Агата Кристи өз кітаптарының желісін алма жеп отырып, ыдыстарды қайта жуу арқылы құраған. Оның сөзінше, ыдыстарды жуу жаңа кісі өлтіру оқиғасын тудырса, алма желінің ары қарай дамуына ықпал етеді екен.

Сол сияқты Агата Кристы кез келген жерде, тіпті ең ыңғайсыз қалыпта отырып жаза берген. Оның үйінде көп уақытқа дейін жазу үстелі болмаған. Соған қарамастан, Кристи әлемге танымал жазушы бола білді. Черчиль Кристидің қылмыс арқылы дүние жүзіндегі ең жолы болған ұрыдан да көп табыс тапқанын әзілдеп айтқан екен. 

Александр Пушкин

Пушкин лимонад десе, «ішкен асын жерге қойған». Әсіресе, түнде лимонадты ұрттап отырып, ерекше шабыттанған. Сондай-ақ, кофе де Александр Сергеевичтің сүйікті сусындарының бірі болыпты. Константин Данзастың естелігінде мынандай қызықты жайт бар. Пушкин Дантеске дуэльге аттанғанда кондитерлікке кіріп бір стақан лимонад ішіп шығыпты.

Уильям Вордсворт

Ағылшын ақыны жаңа өлеңін немесе поэмасын өзінің итіне оқыған екен. Иті үрсе жақсы ырым, ал ырылдаса, шығарманы қайта түзеткен. Сонда, Вордсворттан қалған шығарманың бәрі итінің «алдынан» өтті деген сөз бе? Мәссаған!

Фридрих Шиллер

«Мен өзіме мәңгілік жұмбақ боламын» – деп жазған Фридрихтың дағдысы бақалардан тым ерекше. Бір күні Гете досының халін сұрап бара қалады. Шиллер сыртқа шығып кетіпті. Әйелі досын жұмыс кабинетінде тоса тұруын өтінеді. «Креслоға отырғанымда өткір жағымсыз иіс мұрныма келе қалды. Бірден жүрегім айнып кетті де, терезеге қарай ұмтылдым. Ол неден шыққан иіс екен деп қарасам, үстел үстіндегі жәшіктің ішінде шіріген алмалар тұр екен. Жылдам үй жинаушыны шақырып, мына сұмдықтың көзін құрт деп өтінгем. Ал ол мұның әдейі тұрғанын, бұл алмаларсыз үй иесі жұмыс істей алмайтынын жеткізді. Біраздан соң, Фридрих келіп, оның сөзін растады» – дейді Гете.

Федор Достоевский

Федор Михайливичтің ерекше бірі қыры – адамдарға деген қызығушылығы. Ол әрдайым бейтаныс жандармен танысып, көптеген сұрақтар қойып, ойын біліп отырған және диологты өзі жүргізіп, көзіне тіке қарайтын болған. Осы арқылы жаңа шығармаларына кейіпкерлер іздеген екен.

Ал барлығын ойға түйіп болғанда, қамалып алып, тамақ пен ұйқыны ұмытып ұзақ жұмыс істепті. Сол сияқты Достоевский өз мәтіндерін дауыстап айтады екен. Бірде «Преступление и наказание» шығармасын жазып отырғанда, үй қызметкері бөлме есігінен шығарма кейіпкерлері кемпір мен Раскольниковтың әңгімесін естиді. Жазушы біреуді өлтіргелі жатыр екен деп ойлаған байғұс құлы қызмет көрсетуден бас тартыпты.

Оноре де Бальзак

Бальзак 5-7 шыныаяқ кофе ішпесе жұмыс үстеліне отырмаған көрінеді. Ол өмірінде бас-аяғы 50 мыңға жуық шыныаяқ кофе ішкенін есептегендер бар екен. Сондай-ақ, Бальзак талантты адамдар алдында ылғи шляпасын шешіп құрмет көрсетеді екен. Көбінесе өзі туралы айтқанда солай істесе керек.

Лев Толстой

Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой белсенді іс-қимылсыз өмір сүре алмаған. Егер күніне бір рет серуендемесе, түнімен ұйықтай алмай, дөңбекшіп шығады екен. Атпен серуендеу оны қызықтырмағандықтан, жазда шалғы мен соқа ермегі болса, қыста отын шабумен айналысқан. Бұл да бір қызықты дағды екен?!

Людвиг ван Бетховен

Композитор Бетховен көп қырынбай жүретін болыпты, себебі сақал-мұртын алып тастау шабыттың жолын бөгейді деп есептеген. Ал жаңа бір музыкасын жазбас бұрын, бір шелек мұздай суды төбесінен құйып алатын көрінеді. Оның ойынша, бұл әдіс мидың жұмысына стимул береді. Шынымен де, композиторге суық судың пайдасы тиген секілді ме, қалай?

Томас Эдиссон

Өнертапқыш Томас Эдисонның күніне бірнеше рет мызғып алатын әдеті болыпты. Ол көз іліп алу үшін орын таңдамайды екен. Кресло болсын, шкаф болсын, жұмыс үстелі болсын оның тәтті ұйқысына тосқауыл болмапты. Тіпті, бірде өз лабораториясының үстелінде ұйықтап кеткен Эдисон күйе жаздаған. Сол секілді оның ұйқысы жарты сағатқа созылса да, тым қатты болған. Оны орынсыз ояту ешкімнің қолынан келмесе керек.

Альберт Эйнштейн

Осындай ұлы адам ешқашан шұлық кимегенін бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Ол үшін шұлықтың ешқандай қажеті болмаған сияқты. Ал ресми шараларға баратын болса, шұлық кимегені көрінбес үшін, ұзын етіктер киген.

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: