Ата заңымызды ардақтаймыз

13 Ақпан 2015, 08:25

Ата заңымызды ардақтаймыз

Бүгінгі Ата заңымыздың басты ерекшелігі қандай? Осы мәселеге тереңнен үңілетін болсақ, Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл бұны Елбасы ұсынысымен енгізілген төрт ұстанымда жатқандығын алға тартады.

«Расын айтайын, бұндай позицияларды енгізуге сол кезде бірқатар заңгерлер де қарсы болған еді. Өйткені, әлем елдері конституцияларының кіріспесінде бұндай баптар жалпы кездеспейді.  Ал жаңағы төрт ұстанымға келетін болсақ, бұл біріншіден - қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екіншіден - экономикалық даму, үшіншіден - қазақстандық патриотизм, төртіншіден - маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу. Міне, осы төрт мәселе біздің республикамыздың негізгі принциптері болып саналады. Осы төрт мәселені Ата заңымыздың бірінші бабында енгізу арқылы Қазақстанның жан-жақты дамуына жол аша алдық», - дейді депутат. 

Кейіннен 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады.

Сонымен биыл 16 жасқа толған Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Алайда, заман ағымына қарай Негізгі заңымыздың өзгеріске ұшырауын да ешкім жоққа шығара алмасы анық. Дегенмен, қазіргі һәм өмір бойғы басты міндетіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап - Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс. Ең бастысы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл бойғы дамуындағы бүгінгі жетістіктерінің баршасы Ата заңымыздың тиімділігін анық айқындап отыр. Конституция 20 жылдық тәуелсіз дамуға сеп болып қана қойған жоқ, Құжаттың нормативтік әлеуеттері де халыққа талай қызмет етіп,  демократиялық, құқықтық мемлекеттіліктің одан әрі беки түсуіндегі прогресс жолында мығым заңдық негіз болып қала бермек. Осы тұрғыдағы ойымызды Елбасының сөзімен аяқтасақ: «Конституцияны қатаң ұстану  - бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру - бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет - Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ».

ҚР Конституциясының ең жоғарғы заңдық күші бар. Әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін конституция, оның нормаларын пайдалана алады. Сонымен, ҚР-ның Конституциясы – елдің басты саяси құқықтық құжаты. Заңға бағыну – тәртіп, ал тәртіп бар жерде тәрбие, тиянақтылық сияқты адамға тән қасиеттер бар. Сол қасиеттер қоғам дамуына негіз болады. Өз Отанын танып, сүюі, оның заңдарына бағынуы – бұл әр адамның азаматтық жауапкершілігін сезінуі, өз елінің алдындағы азаматтық борышын орындауы.

Қанат Мәметқазыұлы

 

 

Бөлісу: