«Ата-анасы жауапты»: Оқу-ағарту министрлігі Жітіқарадағы бес баланың өлімі туралы

14 Қазан, 11:51 672

Балалардың қайғылы жағдайға душар болуына олардың ата-аналары жауапты. Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс кулуарында комитет басшысы балаларға қатысты қайғылы жағдайлар кейбір ата-аналардың салғырттығынан болатынын алға тартты.

Өкінішке қарай, балаларын, кішкентай сәбилерін еш алаңдамай үйде қараусыз қалдырып кететін ата-аналардың кесірінен біздің балаларымыз осындай жайттарға тап болады. Бес бала көз жұмған дәл осы отбасы туралы айтатын болсақ, бұл жерде бар жауапкершілік тек ата-анасында, - деді Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, 11 қазанда Қостанай облысының Жітіқара ауданында түн ортасында қараусыз қалған бір отбасының бес баласы өрттен қайтыс болды. Тек 2011 жылы туған үйдің үлкен аман қалған. Бұл жайтқа қатысты тергеуді бас прокурор жеке бақылауына алғанын айтты.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: