Ата-аналар Назарбаев Зияткерлік мектебінде шу көтерді

4 Тамыз 2022, 16:51 3648

Ата-аналардың айтуы бойынша, аталған білім орнына оқуға түсу үшін қазақ тобына 936 бала, орыс тобына 704 оқушы үміткер болған

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне бір топ ата-ана балаларымен жиналып, наразылығын білдіріп қайтты, – деп хабарлайды El.kz.

Ата-аналардың айтуы бойынша, аталған білім орнына оқуға түсу үшін қазақ тобына 936 бала, орыс тобына 704 оқушы үміткер болған. Алайда қазақ тобына түсушілер саны көп болғанына қарамастан, екі топқа да бірдей 75 грант орны бөлінген. Енді олар орыс тобына берілген орынды азайтып, қазақ тобына 25 грантты қосып, көбейтуді талап етіп отыр.


Көтеріліп отырған мәселеге «IB мектебінде 720 орын бар. Бізге 1 қыркүйек күні 1030 бала келеді. Одан артық баланы мектепке сыйғыза алмаймыз.

«Сіздердің қойып отырған мәселелеріңізді шешетін бір-ақ жол бар. Бірінші, басында оқудан бас тартқан 212 баланың гранты тағайындалды. Ал енді оқудан шығып жатқан 47 білім алушының грантын резервтен көтеруге біз министрлікке ұсыныс береміз. Екінші жолы, мектептен кеткен 8-12 сынып аралығындағы балалардың өтініштерін жинап жатырмыз. Осы білім алудан бас тартқан гранттар санын 7-сынып оқушыларына береміз», – деп жауап берді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшединова.

   Сондай-ақ, Күләш Шәмшединова 1-ші тамыздан бастап жатақханаға 2400 баланы келеді деп жоспарлап отырғандығы жайлы айтты. Егер олардың саны одан кем болатын болса, қалған қаржыны 7-сыныпқа грант бөлуге беретіндігі туралы атап өтті.


«Қазақ тілі мен орыс тіліне теңдей қарау әділетсіз. Біріншіден, Қазақстан мемлекетінен басқа ешқай жер, мейлі ол Қытай болсын, Моңғолия болсын қазақ тілінде оқуға мүмкіндік бермейді. Біз  тек өз жерімізде ғана қазақ тілінде балаларымызды оқыта аламыз. Екіншіден, орыс тілінде оқытуға мүмкіндік көп. Бізден болмаса да басқа мемлекеттерден білім ала алады», – деп ата-аналардың бірі Шаяхметов Қайрат ДББҰ Басқарма төрайымына наразылығын білдірді.

Оған қоса ол «Неге грант беруге келгенде мектепте орын жоқ дейсіз, ал ақылы оқу жөніне келсек, орын бар деп өз сөзіңізге қарсы шығасыз?», – деп тағы бір мәселені қозғады.

 Ақылы түрде білім алу мәселесіне қатысты «Басқа қаланың 700-800 балл жинаған балалары ақылы оқуға түсіп кетіп жатса, біздің балалар 1200 баллмен далада қалып отыр. Жылына оқу үшін 4 млн төлейтін оқушылар табылса, онда олар санитарлық норма бойынша мектепке сыйып кетеді екен. Қазақстан бойынша ең жоғарғы баллды жинаған 25 балаға орын табылмайды» деп ата-ана Тасмағанбетова Гүлдана өз ойын айта кетті.

Ал Қытайдан көшіп келген Айжан Төлегетай болса, қызының Қазақстан бойынша үміткерлер арасында 90-орында тұрғанымен, грантқа іліге алмай қалды дейді.

«Не үшін біз әлі 2-ші ұлттың қатарында жүрміз, неге қазақ балаларына көбірек грант бөлінбейді?», - деп налыды ата-ана.


Ажар Лаубаева
Бөлісу: