ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар құқықтарының сақталуы, білім алуы, тамақтануы, көлік тасымалымен қамтылуына қатысты Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Жамбыл облыстарындағы 70 нысанға профилактикалық бақылау жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Профилактикалық бақылау аясында мектептердегі ас мәзірінің сәйкессіздігі анықталды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға білім беру құқығын іске асыруды растайтын құжаттар толық болмады. Осыған қатысты облыстық білім басқармаларына анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдар жіберілді, – дейді комитет төрағасы Насымжан Оспанова.
Министрлік мәліметінше, комитет бала құқықтарын қорғау саласындағы жеке және заңды тұлғалардың шағымдары негізінде жоспардан тыс тексеру де жүргізеді.
Бала асырап алушы үміткердің шағымы бойынша Жамбыл облысының «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйінің қызметі тексерілді. Нәтижесінде, жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке алуды ұйымдастыру және ақпаратқа қол жеткізу туралы қағида нормалары өрескел бұзылғаны анықталды. Сот шешімімен лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, Балалардың құқықтарын қорғау комитеті профилактикалық бақылауды сырттай және нысанға барып жалғастырады. Осы жылдың екінші жартыжылдығында өңірлерде тағы 30 нысан тексеріледі.