Ат қою әдебі

21 Қаңтар 2022, 09:19 19726

Жаңа туған нәрестеге құлақққа жағымды көркем есім қою әр ата-ананың жауапты міндеті. Көпшілігі ел арасында кең таралған заманауи есімдерді қойып жатса, енді біреулер ұлы тұлғалар мен ата-бабаларының есімін бергенді жөн көреді. Балаға ат қою қандай дәстүр? Есімнің мәні мен мазмұны қаншалықты маңызды? Соңғы жылдары трендке айналған есімдер қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.


Әр жарық дүние есігін ашқан сәбиге ата анасы біріншіден әдемі есім беруге тырысады. Сондықтан бала туылғанда азан шақырып ат қою – парыз. Ал, балаға есімді туылған соң қанша уақыттан кейін қойған дұрыс? Бұл сауалымызға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Уағыз-насихат» бөлімінің меңгерушісі, Мансұров Батыржан Берденұлы былай деп жауап берді. 

– Шариғатта, жалпы қазақтың дәстүрінде бала дүниеге келгенде жасалатын жөн-жоралғылар бар. Оның бірі сәбиге көркем есім қою. Баланың атын ата-анасы, атасы, әжесі, немесе әулеттегі құрметті ақсақал, не болмаса танымал тұлғаға қойғызады. Дінімізде бала туылғаннан соң жетінші күні есімі беріледі. Десе де қатып қалған қағида жоқ үш немесе бес күннен кейін қоя берсе де рұқсат. Сол күні ақиқа құрбандығы шалынады. Ақиқа- перзент нығметі үшін Алла тағалаға шүкір ету мақсатында мал сою.

Елімізде соңғы кездері мұсылманша есімдер қою сәнге айналды. Мұсылман есім деген арнайы ұғым жоқ болса да, пайғамбарлардың, тұлғалық сахабалардың, одан кейін өмір сүрген ізгі адамдардың есімдерін қою тренд. Бұл қаншалықты дұрыс? Пайғамбардың есімін қойған кезде нені ескеру керек? Осы сауалымызға Батыржан мырза төмендегідей жауап берді.

Бұл жерде екі нәрсеге көңіл аудару керек. Бірінші, мәселе сол ғалымдар секілді мықты тұлға, тақуа болсын деген ниетпен қойып жатады. Ел ішінде есімі қазақ халқына танымал дана тұлғалар да жетерлік. Сол адамдардың есімін қойсақ та, бұл жерде ұтылмаймыз. Екіншіден, қазір мынандай мәселе бар. Тіпті ересек адамдар арасында ислам жолына түскеннен кейін азан шақырып қойған есімдерін өздері ұнатқан діни есімдерге өзгерткендер жетерлік. Мысалы Кәрім, Нұрбек, Бауыржан деген атын, Омар, Осман, Юсуф деп ауыстырғандарды да кездестірдім. «Неге өзгерттің?»деп сұрағанымда «Мұсылман болдым» деген секілді жауап алдым. Дүниеге келгенде қойған есімнің мән- мағынасы жақсы болса, ауыстырудың қажеті жоқ. Ең бастысы мұсылман адам- намазына, құлшылығына берік болып, дінді дұрыс ұстанып, жүрегін дұрыс тәрбиелесе, одан артық ештеңе қажет емес. Осындай жағдайда біз жастарға ислам дінін дұрыс насихаттай білуіміз керек.

Батыржан Берденұлы пайғамбардың есімін қойған кезде ата-аналар нені ескеру керектігін баса атап өтті.

Пайғамбарымыз айтқан: «Менің есімдерімді қойыңдар, менің ол балаларға шапағатым тиеді, олармен бірге боламын» деген хадистер келтірілген. Бірақ бұл жерде мына мәселені ескеруіміз керек. Біз пайғамбарымыздың есімін өзіміздің баламызға қойғаннан кейін оның есімін құрмет қылып баланың тәрбиесіне көңіл аудару қажет. Яғни балалықпен бұзықтық жасаған уақытта балаға жекіріп, дөрекі сөздер айтпаған абзал. Сеебі пайғамбарымызға көрсеткен құрметсіздік болады. Сондықтан балаға қандай да есім қоймас бұрын сақ болуымыз керек.


Халқымызда қайтыс болған ата-апаларының, туыстарының есімдерін қойып жатады. Ата-аналар тағыдыры қайталанады, не сол адамның ғұмырындай қысқа бола ма деп уайымдап жатады. Асыл дінімізде ол жайлы не дейді? Бұл сұраққа Батыржан мырза былай деп жауап берді.

Көп жағдайда ата-әже, ағаларының, туысқандарының есімдерін қайта жаңғырсын деген мақсатта қойып жатады. Оған шариғатта қарсылық жоқ. Дінімізде оған рұқсат. Кей адамдар қайтыс болған адамның есімін қоюға болмайды деп жатады. Бірақ оған көңіл аудармаған абзал. Сол адамның ғұмырының қысқа болуы немесе тағдырындағы қиыншылықтар балаға есіммен келеді деген жаман ойдан аулақ болу керек. Себебі әр адамның тағдыры әртүрлі. Сондықтан жақсы ниетте қойса болады.

«Есім тұлғаның қалыптасуына әсер ететін бірден-бір феномен. Балаға жақсы ат қою - оның тағдырына тікелей әсер етеді», - дейді филология ғылымдарының кандидаты, белгілі Абайтанушы Омар Жәлел мырза.

– Кезінде медицина дамымаған уақытта балалар шешек, оба ауруларынан ауырып қайтқанда жаман есімді көз тимесін деген ниетпен қоюға мәжбүр болды. Бірақ қазір заман өзгерді ондай есімдерді қоюдың қажеттілігі шамалы. Балаға есім беруде халықтың белгілі бір тұлғаға деген махаббаты көрінеді. Сол махаббаты есім арқылы баланың тәрбиесіне трансформацияланады. Адамның есімі секілді кез-келген Құдай жаратқан құбылыстың аты бар. Ағылшындар айтады: «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деп, сол сияқты баланың тағдыры өз есімімен тығыз байланысты. Егер балаға мағынасы жақсы есім берілсе, болашақ өмірі де жарқын болатынына сенім мол. Қазақта «Атыңа заты сай екен» деген сөз бар. Яғни балаға жақсы ат қойсаңыз ол есімнің өзінің мәні тағдырына жарығын түсіріп тұрады.


Қазақ халқы жаңа туған балаға азан шақырып ат қоюды халықтың мәдениетімен, ұлттық дүниетанымымен байланыстырады. Ал, қыздарға ұлдың есімін, ұлға қыздың есімін қойып жататындарға Омар Жәлелұлының өз айтары бар.

Қазақта жақсы ырым бар отбасында қыз дүниеге келе берсе, Ұлболсын, Ұлмекен, Ұлболды деген есімдер қойып жатады. Өзім Ұлболсын деген қыздардан сұрағанда, артынан көп жағдайда дүниеге ұл бала келеді екен. Ал ұлдың атын қызға, қыздың атын ұлға қоюға болмайды. Себебі ұлттың мәдениетіне қайшы нәрсе. Мысалы Бақыт, Баян, Сымбат, Мерей деген секілді ортақ есімдерді қойса болады. Себебі адамның есімі - ұлттың визит картасы іспеттес. Атына заты сай, түсінігі, өмірлік қағидасы өзгеше болғанда оның кім екенін, қай ұлттың өкілі екенің айнытпай білуге ​​болады. Сондықтан балаға есім қойғанда сол елдің иісі анық сезіліп тұруы керек.

Халқымыз ежелден баласының атын қандай да бір жақсы оқиғамен байланыстырып ырымдап қоюға бейім. Қазақ бұл әдетінен қазір де жаңылмаған. Өмірге келген сәбиге азаң шақырып ат қоюға халқымыз ерекше мән берген. Ал бүгінде ел естімеген ерекше есімдерді арқалап жүрген жандар жетерлік. Олардың көбісі атаулы оқиғалар орын алғанда дүниеге келген тұлғалар. Солардың бірі елордалық тұрғын Олимпиада Дүйсенбайқызы.

– Менің есімім - Олимпиада. 1980 жылы 8 тамызда дүниеге келгенмін. Дәл осы күні дүниежүзілік ірі спорттық Олимпиада ойындары аяқталған екен. Атымды әкем соның құрметіне қойған. Әкем өзі спорт жанкүйері. Спортқа жақын болғандықтан, қызының да спортта жүргенің қалаған. Спортпен кәсіби түрде айналыспасам да, үстел теннисі мен баскетбол ойнағанды ​​жақсы көремін. Есімімді айтқанда көбісі таңғалып қайталап сұрап жатады, бірақ мен өз атымнан ешқашан да ұялған емеспін.


Қазақша есімдердің саны аспандағы жұлдыздардай көп десек те болады. Ат қою үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ал, елімізде 2020-2021 жылы қандай есімдер жиі қойылды? Сандар сөйлесін. ⠀

– Қазақстан Республикасы стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистикасына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтары мен 2021 жылдың 30 сәуірі аралығында балаларға ең көп қойылған топ-3 есімдер тізімі төмендегідей. Оның ішінде ер балалар арасында трендке айналған есімдер қатарында: Әлихан – 6081, Айсұлтан - 4486, және Нұрислам есімі – 3929 қазақстандық ата-ана сәбилеріне осы есімдерді қойған.Сонымен қатар ер балалар арасында танымал есімдер тізімінде Алдияр, Рамазан, Амир, Алинұр, Арсен, Омар, Ислам және Муслим есімдері. Ал қыздар арасында Медина есімі – 7425 рет қойылып алдыңғы орынды көш бастаса, Айлин есімді ханшайым – 6503, ал Айша есімі – 6120 рет қойылып үштіктер қатарында. Топ-15 қыздар есімі қатарында: Раяна, Айзере, Асылым, Томирис, Айару, Кәусар, Айкөркем, Сафия, Әмина, Айым, Адина және Аяла. 

Түйін

Бауыржан Момышұлы атамыз: «Адамға дүниеге келгенде берілетін есім оған өмір жолында бағыт сілтейтін жарық жұлдыз іспетті: өмір бойы жанында болатын алғашқы және қасиетті белгілердің бірі», деген екен. Демек, ата-ананың міндеті балаға жақсы есім беру. Жақсы есім баланың болмысына, тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Ендеше сіздің нәрестеңізге де көркем есім бұйырсын.


Аяулым Қанағат
Бөлісу: