Қасым Шәріповтың соғыстан кейінгі еңбегі

20 Қазан 2015, 05:19

Майдангер журналист

Майдангер журналистің жауынгерлік жолы 1946 жылы 22 қаңтарында аяқталады. Алапат айқастың айғағындай оның майдандағы естеліктері «Братья по оружию», «Рядовой герой», «Мы – панфиловцы» кітаптарына енді.

Соғыстан кейін қызметіне қайта оралған Қасым Шәріпов сүйікті ісімен қайта қауышады. 1946 ж. 7 мамырда ҚКП ОК-нің бюросы Партия тарихы институты директорының есепті баяндамасы бойынша «И. В. Сталиннің шығармалары жинағын қазақ тілінде басып шығару туралы» арнайы шешім қабылдайды, онда «Сталиннің еңбектерін аударудың жауапты редакторлары: ҚКП ОК-нің хатшылары Шаяхметов, Әбдіхалықов, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары И. Шәріпов, Партия тарихы институты директорының орынбасары Қ. Шәріпов құрамымен бекітілсін» делінген. Сондай-ақ Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институты марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аудару және баспаға дайындау бөлімінің есебінде «Ленин  Сталин бір томдық еңбектерінің аудармасы деңгейі төмен Өтемісов сияқтылардың қолында қалды, ал Шәріповтей деңгейі биік мамандарға жеңіл мәтіндер берілген» деген ескертулер жасалған. Осы жылдары Шәріпов В. И. Лениннің «Что делать?», «Шаг вперед, два шага назад», «Две тактики социал-демократии в демократической революции» еңбектері мен В И Сталиннің «Вопросы Ленинизма» еңбегіне кіргізілген мақалаларының көпшілігін редакциялаған.

Өзінің «Қысқарған сөздердің қазақ тілінде қолданылуы» атты мақаласында Қ. Шәріпов: «Қысқарған сөздерді аудармалау мәселесіне өте абайлап қарау керек. Мен қысқарған сөздер деп орыс тіліндегі қысқарған сөздер терминдерінің күнделікті тұрмыстық жағдайда өздері-ақ тілімізге еніп үлгірген НЭП, ЗАГС, колхоз, совхоз т. б. белгілілерін айтып отырмын. Тілшілердің қысқарған сөздер аудармасында қандай да бір шектеу болуы қажет деулері өте дұрыс. Өйткені тілдің сөздік қорына олардың аз ғана мөлшері кіреді, көбі қызметтік ресми болып қала береді. Және де қысқарған сөздердің тым көп болуы, тілдің дамуына кері әсерін тигізеді» –  деп өз пікірін алға тартады. Осы мәселе жөнінде Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы Д. А. Қонаев өзінің орыс тіліндегі қысқарған сөздердің қазақша қолданылуы туралы ҚКП ОК-ң хатшысы Л. И. Брежневке жазған хатында: «Шәріпов және Сағындықов жолдастардың мақалаларында орыс қысқарған сөздерінің қазақ тілінде қолданылуы мәселесі көтерілді, меніңше теориялық жағынан дұрыс және тәжірибелік мәні бар сияқты» – деп Мемлекеттік терминологиялық комитет шешімінің созылып кетуіне байланысты ОК бюросында қаруды ұсынған-ды.

Алға озып айта кеткенді жөн көрсек Қасым Шәріпов ҚазТАГ директоры (1964–1974) қызметінде жүрген кезінде де аударма саласына көп көңіл аударады. «Республиканың құзырлы орындары және елдегі әртүрлі мекемелер ресми жиындарда тәржіма жасауға ҚазТАГ-тың аудармашыларына ғана сенім артып, шақыртатын. 1969 жылы Мәскеудегі Кремльдің Съездер сарайында ІІІ-Бүкілодақтық колхозшылар съезінде тікелей ілеспе аударманы КазТАГ-тың қызметкерлері жасаған болатын. Ел ішіндегі, одақтағы және шет елдерде болып жатқан оқиғалардан хабардар етіп отыратын ҚазТАГ-тың қызметі ел мәдениеті мен ғылым-біліміне тиісті дәрежеде ықпалын тигізіп отырды» – дейді аударма ардагері [10]. 1970-80 жылдары ҚазТАГ-тың Одақ көлемінде ТАСС пен РАТАУ-дан (Украина ақпарат агенттігі) кейінгі алдыңғы орындарды алып жүргені, тек қана орталыққа Республика хабарларын шұғыл, әрі сапалы жеткізудегі ғана емес, оның аударма қызметінің де үлесі мол болғандығының мойындалғандығы еді. Себебі, аударма арқылы қазақстандық оқырмандар одақ пен одақтас республикалардың тыныс-тіршілігін біліп отырды. Ал, одақтас республикалардың өзара бір-бірін біліп отыруы орталық үшін тиімді де еді. Одақтас республикалар арасында хабар таратуда үздік танылған ҚазТАГ-тың тәжірибесімен танысуға Арменияның, Өзбекстан мен Қырғызстанның және басқа да республикалардың өкілдері арнайы келіп жататын. Иә, біз бұл жерде аудармашылық жүре үйренетін мамандық емес, ақын, жазушы секілді тұла бойға туа бітетін талант десек, Қ. Шәріпов осындай таланттың үлкен тұлғасына айналғаны сөзсіз.

Қасым Шәріпов 1949 жылдың наурыз айында, ҚКП-ның IV-съезінде Орталық Комитеттің мүшелігіне сайланғаннан кейін, съезд пленумы оны «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторлығына бекітті. «Ізденімпаз Қасекеңнің ұжым өміріне енгізе бастаған жаңалықты аз емес екен. Айталык, қызметкерлердің шығармашылық кабілеттері мен іскерлігін шыңдап отыруга септігін тигізетін ілездемелерді (летучкаларды) апта сайын міндетті түрде өткізіп тұруды берік дәстүрге айналдырылған екен. Ілездемеде редактор газетті шығару кезекшілігіне барғандардан ондағы мақалалардың калай қорытылғаны, кемшіліктері, көтерілмей жатқан мәселелер жайында айтуды талап ететін. – Газетте не берілгендігін сіздің жалпылама шолып шығуыңыздың бізге пайдасы шамалы. Әркім газет жұмысын қалай жақсартуға көмектесетін құнды пікірлерін ортаға салсын! – деуші еді. Қалай дегенде де газет шығару қызығы мен қиындығы қатар жүретін күрделі жұмыс-ау. Мәселен, баспаханаға кезекшілігімізді атқаруға барғанда көбінесе Мәскеуден телетайп арқылы түсетін ресми хабарларды сарыла күтетінбіз немесе газетте қандай да бір қате кетіп бара жатса беттерді қайтадан құйдыртып әуре- сарсаңға салатын. Мұндайда редакторымыз әрдайым қасымыздан табылатын, әрбір қатені тапқандарды көтермелеп отыруға көп мән беретін.

1940–1950 жылдары кеңестік қоғамның бет пердесін аша түскен қаһарлы қаулылар қақпанына республикадағы бас газеттің редакторы Қ. Шәріповте ілікпей қалаалмады. ҚКП ОК 1951 ж. 30 қарашада «Правда» газетінің 1951 ж. 29 қыркүйектегі «Теріс позицияда» мақаласы туралы» қаулысын қабылдайды. Осы қаулының 2 тармағында газет жұмысына басшылық жасай алмағаны, идеологиялық мәселелерде кемшіліктер мен қателіктер жібергені және Бекмаханов туралы кітапқа жазған сараптамасында үлкен қателер жібергені үшін «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Қ.Шәріпов жолдас қызметінен босатылсын» делінген.

Бұл туралы белгілі жазушы Б. Қыдырбекұлы: «Қасым Шәріпұлы біздің газетті басқаруға (1949 жылдың наурызынан 1951 жылдың желтоқсанына дейін және 1955 жылдың тамызынан 1960 жылдың қыркүйегіне дейін) екі рет келіп, екі рет кеткен кісі. Мұндай оқиға өте сирек. Ол елу бірінші жылдың қыркүйегінде орнынан босады. Оған негізгі себеп деп тапқаны: «Қазақ тарихына» жазған сынында Кенесары Қасымовты мақтады деген айып тағылды. Ал, шынында Кенесары жөнінде тәуір пікір білдірген жалғыз ол ғана емес болатын. Кеңес-герман соғысы кезінде Қазақстан Компартиясының басшылығында отырған қатардағы хатшы ж. Шаяхметовтің де айтқаны бар-ды. Қасекең өзіне сол рецензиясы ірі пәле болып жабысатынын білген соң жазда демалыс алады да, Сочиға барып, сонда жатып мақала жазып жібереді.

Әрине ол мақаласында Кенесарыны кеңес-герман соғысы кезінде мақтаған ол ғана емес, басқалардың да болғанын, оның ішінде қазіргі бірінші хатшы Шаяхметовтың да бар екенін көрсеткен еді. Бірақ ол мақала басылмай сол бірінші хатшының қолына түсті де, Қ. Шәріповті орнынан босатты. Ол қаулының (Қ. Шәріповті орнынан алу жөніндегі) жүзеге асуы тура үш жарым айға созылды. Өйткені, редактордың жалғыз кінәлі еместігіне Мәскеу көңіл аударды».

ҚКП ОК-нің 1955 жылы 14 маусымдағы шешімімен «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы болып екінші рет тағайындалған Қ. Шәріпов, 1960 жылы билік қаһарына қайта ілігеді. Ол Қазақстан Компартиясы ОК-нің 1960 ж. 12 қарашадағы «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған Тұрар Рысқұлов туралы» мақаласына байланысты орнынан алынып, ҚазТАГ-тың директоры қызметіне жіберіледі. Бұл туралы белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері П. Бейсенов «Сірә маңдытып жұмыс істемейтіндер ғана жазаланбайды дегеннің мәні де осында шығар. Қажырлы Қасекеңнің бұрындары ешбір кінәсіз халық жауы деп жазаланғандардың енді ақтала бастағандығын елге ертерек қуана хабарлағысы келгені үшін ғана жапа шеккеніне қатты ренжідік» деп еске алады.

Міне, майданның ұрыс даласында шыңдалып, әскери журналистика арқылы баспасөзге келген көптеген жауынгер өжет қаламгерлер үнемі сый-құрметке ғана бөленіп, марапатталған жоқ. Ішінара қатал режимнің қаһарына ілігіп, жазықсыз жапа шеккендері де болды. Оның бір ғана мысалын әскери журналист Қасым Шәріповтың өмірі айғақтайды.


Авторы Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: