18 Ақпан 2015, 19:07
Қазақстанның халық қаһарманы, атақты партизан, әрі жазушы Қасым Қайсенов 1918 жылдың 23 сәуірі күні Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында, кедей шаруа семьясында туған.
1935 жылы он жеті жасында Өскеменге келіп саяси -ағарту техникумын жұбайы Асыл екеуі бірге бітіріп, 1937 жылы семья құрған. Асыл әжеміз сол жылы небары 16 жаста болған. Ол өзінің қиын қыстау өмірін қасиетті Кереку жерінен бастаған. 1938 жылы Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет істеген.
1941 жылы Қасым Қайсенов Украина жерінде партизан отрядын құру үшін жау тылына аттанады. Ол жерде Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Одан кейін 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Украинаның Закарпатье, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады. Отряд командирі болып жүріп, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. 1944 жылы Украинаның Закарпат, Карпатты азат етуге қатысқан. Ол Киев және Полтава облыстарындағы партизандар қозғалысын алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде тарихта қалды. Партизандардың қалың қолын басқара отырып, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткеріп, фашистерді сан рет тізе бүктірді. Майдан даласында украин жауынгерлері Қасым ағаны бауырларындай көріп, өз аттарымен «Вася» деп атапты. Қасым аға бір естелігінде «Украина - менің екінші Отаным. Украиндіктер - мәңгі ұмытылмас бауырларым. Осылай ұлы украин халқын шексіз сүйіп, бауыр басып кеткен адаммын. Әлі де шығатын, жазбақ кітаптарым да сол Украина жеріндегі жойқын айқасқа арналған. Сол үшін де өзімді украин жазушыларының бірімін деп есептеймін. Өзімді украин жазушыларының осындағы елшісіндей сезінемін», - деген екен.
Соғыстан кейін бейбіт еңбекке араласып, Қазақстан Жазушылар одағында, баспа орындарында жауапты қызметтер атқарды. Қан майданда етігімен су кешкен Қасым ағаға бейбіт өмірге бейімделу оңайға түскен жоқ. Осы ретте ағалық ақылын, қамқорлығын көрсеткен Жұмағали Саин болды. Қасым аға Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Мұқан Иманжанов, Мәлік Ғабдулин, Әди Шәріпов, Ғабит Мүсірепов, Қасым Аманжолов сынды қазақ зиялыларымен жақсы қарым-қатынаста болған. Майданнан оралғаннан кейін аз уақыт Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының аппаратында қызмет атқарған. 1945 жылдың орта шенінде партия қатарына алынып, білімін жетілдіру үшін Лениндік курстың совет бөлімінде оқыған. 1945-70 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде, Жамбыл облысындағы Жуалы және Свердлов аудандарының атқару комитеттерінде төраға орынбасары ретінде соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру науқанына белсене араласқан, 1953-1970 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағында және «Жазушы», «Қайнар» баспаларында қызмет істеген.
Партизандық өмір жолын, қарулас жолдастарының қаһармандығын бейнелейтін «Жас партизандар» (1954), » Ажал аузында» ( 1959), » Жау тылындағы бала» ( 1961), » Жау тылында» (1973), » Партизан соқпақтары» ( 1978) , «Переяслав партизандары» секілді көптеген шығармалар жазды. Аталмыш туындалардан А.В.Тканко, Е.Д.Ломако, И.К.Примак тәрізді партизан отрядында бірге болған жауынгер достары жайында ыстық көңілмен әңгімелейді. Қасым кітабының тамаша бір тарауын Украин партизандарының ардақ тұтар ақсақалы, халық соғысының қаһарман басшысы, әрі ақылды, әрі қатал — генерал-майор Сидор Артемьевич Ковпакқа арнайды.
Дәурен ОМАРОВ