Қасым-Жомарт Тоқаев Сарыағашта перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырды

27 Қыркүйек 2022, 12:38 1075

Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр

Бұл туралы Мемлекет басшысы Түркістан облысы жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды El.kz

«Оңтүстіктегі 6 ауданда 900 мыңға жуық адам тұрады. Демографиялық өсім бойынша Сарыағаш ауданы көш бастап тұр. Сондықтан, осы ауданда перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырамын. Оған қажетті қаржыны республикалық бюджеттен бөлу керек. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз», - деді Президент.

Сондай-ақ кәсіпкерлік бастамалары үшін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетінін айтты.

«Еліміздегі көп балалы аналардың үштен бірі Түркістан облысында тұратыны белгілі. Сондықтан, бұл бастама сіздер үшін де өте маңызды. Біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың кәсіпкерлік бастамалары үшін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Жастарымыз осындай мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, өз кәсібін бастайды деп сенемін. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет зейнеттегі қариялар мен бесік тербеткен аналарға қолдау көрсете береді. Ал, жалынды жастарға өмірде өзінің лайықты орнын табуға жағдай жасаймыз», - деді Президент.
Бөлісу: